«Қайраттың» словакиялық қорғаушысы Лукаш Тесак Prosportkz.kz тілшісіне «Оқжетпеспен» өткен ойын жайлы және алдағы уақытта өтетін Еуропа чемпионаты мен алматылық клубтың чемпиондыққа әлі де таласатынын айтты.  

- Бірінші тайм біз үшін ауыр өрбіді, «Оқжетпестің» ойыншылары жақсы қимылдады. Бірінші гол соққанымыздан кейін ойнау жеңілірек болды. Үзілісте өзгерістер енгізіп, екінші таймды керемет өткіздік.   

- Словакия құрамасының ЕУРО-ға кеңейтілген тізіміне ендіңіз. Францияға баруыңыз қаншалықты мүмкін?

- Алдағы оқу-жаттығу жиынында көреміз, екі жолдастық кездесуден кейін бәрі белгілі болады. Кеңейтілген тізімге енгеніме қуаныштымын, ЕУРО-ға қатысу үшін бар күшімді саламын.     

- Сіз және Анатолий Тимощук Еуропа чемпионатына қатысыңуыз ықтимал. «Қайратта» сіздерді алмастыратын ойыншылар бар ма?

- Бізде мықты футболшылар көп, кім ойнайтынын бас бапкер шешеді. Алаңға сирек шығып жүрген ойыншылар, енді өзін жақсы қырынан көрсетуге тырысады. Бұған еш күмәнім жоқ, командадағы барлық ойыншылар барынша тырысады деп ойлаймын. Кубок пен ел чемпионатында жоғары көтерілеміз деген ойдамын.   

- Словакия құрамасы ЕУРО-да Ресейге қарсы матч өткізеді. Бұл ойын сіз үшін аса маңызды болатын шығар?  

- ЕУРО-дағы әрбір матч біз үшін аса маңызды. Иә, мен Ресей чемпионатында ойнадым, ондағы ойыншыларды танимын. Бірақ мен үшін ең бастысы - командамның жеңісі. 

- «Оқжетпесті» ірі есеппен ұтқаннан кейін «алтын» медальға таласу мүмкіндіктеріңіз жоғарылады. «Қайрат» ел чемпионатын жеңе алады ма?  

- Жеңуіміз мүмкін, бұған қоса «Астанамен» әлі талай рет кездесеміз. Қазақстан чемпионатын ұту - біздің басты мақсатымыз.