Талдықорғандық «Жетісу» командасының шабуылшысы Душан Савич «PROСПОРТ» тілшісіне берген сұхбатында Қазақстан біріншілігінің деңгейі жөнінде, «Қайратқа» ауысуы мүмкін болғандығы жайында, «ПСЖ» тарапынан қызығушылық болғаны туралы айтып берді.

«Астана» еш қиындықсыз чемпионатты жеңіп алады»

- Душан, ел біріншілігінің алтынына таласатын басты қарсыластар - «Ертіс», «Астана» және «Қайрат» командаларымен жолықтыңыздар. Қайсысы ел чемпион атағына лайықты?

- Бұл тайталаста «Астананың» мүмкіндігі жоғары. Сол себепті, аса бір қиындықсыз чемпионатты жеңіп алады деген ойдамын. «Ертіс» те жақсы ойын өрнегін көрсетуде, ал «Қайратта» деңгейі жоғары футболшылар жиналған. Дегенмен олар маусымды сәтсіз бастады.

- Қазіргі «Жетісу» командасының жарыс кестесіндегі орны көңіл көншітпейді. Мақсаттарыңыз қандай?

- Бізде негізгі құрамның 7-8 ойыншысы жарақаттанып қалған. Олардың қай уақытта жарақатынан айығатыны да белгісіз. Егер де олар қатарда болғанда, мүмкін қазір турнир кестесінде сәл жоғары тұрушы ма едік.

- Шабуылшы ретінде ойыныңызда өзгерістер болды ма?

- Әр кездесуде жаңа үлгімен ойнау өте қиын. Осы уақытқа дейін қиын қарсыластар түсті. Оларға қарсы жеңіске жету мүмкін емес еді. Ары қарай не боларын көре жатармыз.

- Маусым алдында «осынша гол соғамын» деп алдыңызға мақсат қойдыңыз ба?

- Жоқ. Әрине, әр матчта гол соққың-ақ келеді. Әзірге былтырғы маусымдағы нәтижемнен асуым керек деп отырмын. Алайда команданың жетістігін бірінші орынға қоямын.

- Сіздің жақын досыңыз - Джордже Деспотович былтырғы маусымда «Жетісу» мен «Қайратта» ойнап, одан кейін «Астанаға» ауысты. Сіздің де жоғарылауыңыз мүмкін бе?

- Джордже шынымен де мықты футболшы. Ол еуропалық стильдегі шабуылшы. Кез келген жерден, кез келген уақытта гол соғып кетуі мүмкін. Екеуіміздің жұбымыз жарасып еді, жақсы ойын өрнегін көрсеттік. Болашағыма келер болсам, көптеген белді командалармен келіссөздер жүргіздім. Бірақ та барлығы бірінші кезекте жасыма қарайды. Меніңше, 30 жас футболшы үшін тым үлкен емес.

- «Жетісу» командасынан жазда кетіп қалуыңыз мүмкін бе?

- Ертең не боларын ешқашан болжап біле алмайсың. Қазір бар ойым тек «Жетісумен» ғана байланысты.

«Кореяда ойнаған уақытта, президентті соттап, қырық футболшыны өмір бойына футболдан алыстатты. Сорақысы, біздің қақпашыны өлі күйінде тапты»

- 2010 - 2011 жылдар аралығында үш бірдей чемпионатта өнер көрсетіпсіз. Бұл қалай болды?

- Македонияда үздік сұрмерген атанғаннан кейін Румынияға шақырту алдым. Аладай ол жерде болған 3-4 айда тек бір рет қана жалақымды алдым. Сол себептен Кореяға кетіп қалдым. Бірақ екінші кездесуімде жарақат алдым. Ал екі айдан кейін команданы таратып жіберді. Келер маусымды Өзбекстанның «Пахтакор» клубында бастадым. 13 ойында 7 гол соғып, жанкүйерлердің сүйікті ойыншысына айналдым. Өзбекстанда қалғым келген, алайда агентім клубпен келісе алған жоқ.

- Өзбекстанда ауа-райы өте ыстық. Футбол ойнау қиынға соқты ма?

- Иә, ол жерде өте ыстық. Есімде плюс 50 градус ыстықта ойнадық. Шынымен де өте ауыр болды.

- Эдин Юнузович, Кореяда матчқа шығатын құрамды бапкер емес, президент шешетін дегені бар. Сізде осыған ұқсас жағдай болды ма?

- Иә-иә, ондай болды. Бірінші кездесуде-ақ мені құрамға президент қосты. Одан кейін үзіліс уақытында киім ауыстыратын бөлмеге келіп, сөйлесетін. Команданы таратып жібергеннен кейін президентті абақтыға қамап, тағы қырық футболшыны өмір бойына футболдан алыстатты. Сорақысы, біздің қақпашыны екі айдан соң өлі күйінде тапқан.

«Вайсс мені командасында көргісі келді, алайда не болғанын білмеймін»

- 2012 жылы украиналық «Волынь» командасында доп тептіңіз. Далибор Стевановичтің айтуынша, бапкер Виталий Кварцяный футболшыларды ұрады екен. Сол шын ба?

- Мен онымен тек үш апта уақыт қана жұмыс істедім. Жаттығуы қызықты өтетін, эмоциялы адам еді. 15 келі жүкпен жүгіретінбіз.

- Украинадан кейін «Қайрат» сізге қызғушылық танытқаны рас па?

- Иә, Вайсс мені командасында көргісі келді. Алайда не болғанын білмеймін, келісімшартқа қол қойылмады. Мүмкін президентпен келісе алмаған болар.

- Сербия футболының түлегі бола тұра, 20 жасыңызда Македония құрамасында ойнауды шешіпсіз. Бұл қадамға не итермеледі?

- Македонияда 18 жасымнан бастап өнер көрсеттім. Елге ең танымал «Беласица» деген командадан шақырту алдым. Негізі ол жерге менің досым шақырған еді. Бұған дейін өз қаламнан басқа жерге шықпаған едім. Келісуімнің себебі, «Беласица» жас футболшыларды тәрбиелей білетін. Чемпиондар Лигасын жеңіп алған Горан Пандев осы командадының түлегі. Көптеген футболшылар Македония біріншілігі арқылы басқа еуропалық чемпионаттарға ауысып жатты. Мен де осы жолды қайталағым келді. «Беласицада» ойнай бастағаннан кейін, клуб президенті маған қоңырау шалып, Македония жастар құрамасында өнер көрсетуге қалай қарайтынымды сұрады. Мен бірден оң жауап қайтардым.

- Басқа Еуропа біріншілігіне ауысуға мүмкіндігіңіз болды ма?

- Иә. Менің командам жыл сайын танымал италиялық «Вияреджо» жарысына қатысатын. Бұл 20 жасқа дейінгі футболшылар арасында ұйымдастырылатын турнир. Дәл осы жарыста Пандевті байқап, кейін сатып алған болатын. Мен 3 кездесуде 3 гол соқтым. Осыдан кейін, жергілікті газеттер маған «Фиорентина» мен «Сампдория» командаларының тарапынан қызығушылық туғанын жазды. Ал ең есте қалар сәт, мені «ПСЖ» өз қатарында көргісі келеді деген жаңалық. Бірақ та мен үшін клуб тым көп ақша сұрап қойды.

- Сіз сегіз елде өнер көрсеттіңіз. Ең қызықтысы қайысы?

- Қазақстан чемпионаты қазір өрлеу үстінде. Алайда мен ойнаған ең мықты чемпионат – ол Украина біріншілігі. Ол кезде «Металлист», «Днепр», «Шахтер», «Динамо» сияқты бір деңгейдегі командалар чемпиондыққа таласаты. Бәсекелестік өте жоғары болды.

Ал Қазақстанда алаңдардың жағдайы көңілге кірбің түсіреді. Барлық жасанды алаңдардың деңгейлері нашар. Таза табиғи алаңдар жоқтың қасы. Егерде осы мәселені бір ретке келтірсе, чемпионаттың деңгейі екі-үш есе жоғарылайтын еді.