Испаниялық «Севилья» қатарынан үшінші рет Еуропа лигасының жеңімпазы атанды.

Базельдің «Санкт-Якоб Парк» стадионында өткен финалда англиялық «Ливерпуль» мен испаниялық «Севилья» кездескен. Алғашқы тайм Юрген Клопп шәкірттері үшін сәтті өткен еді. 35-минутта Даниел Старридж айып алаңына енер тұста алыс бұрышты дәл көздеді – 1:0.

Бірақ үзілістен кейін испаниялықтар жауапсыз үш гол соқты. Екінші тайм басталысымен-ақ Кевин Гомейро таразы басын теңестіріп тастады. Ал 64-минутта Коке Унаи Эмери шәкірттерін есепте алға шығарды. Араға тағы алты минут салып, Коке өз командасының үшінші голын соқты. Қорытынды есеп – 3:1, «Севилья» қатарынан үшінші рет Еуропа лигасында топ жарды.