Жамбыл облысының тумасы, «Астана Арланс» кәсіби командасының бас бапкері Нұрлан Ақүрпеков Рио-де-Жанейро қаласындағы Олимпиада ойындарындағы Қазақстан құрамасының мүмкіндігін жоғары бағалап отыр, деп хабарлайды inform.kz.
 
«Командамыз әр медальдың әр түрінен ала алады, - деді Н. Ақүрпеков. - Алайда бұдан да жақсы көрсеткішке үміттеніп отырмыз».
 
Н. Ақүрпеков Рио ойындарына лицензияны тәжірибелі қазақстандық спортшылар ұтып алғанын атап өтті.  
 
«Олардың қатарында жамбылдық спортшы Олжас Сәттібаевтың болғаны да қуантады. Оның марапатқа ие болу мүмкіндігі бар деп ойлаймын», - деді ол.
 
Н. Ақүрпеков 26 - 27 мамырда Лондонда WBS Бүкіләлемдік бокс сериясы аясында өтетін «Астана Арланстың» британиялық командамен жартылай финалдық кездесуі жайлы айтты. Қазір Шымкентте оған дайындалып жатыр.
 
«Жеңіл салмақ дәрежесінде басымдық біздің жақта болса, ауыр салмақ дәрежелерінде қарсыластың мығы басым. Кездесу он салмақ дәрежесі бойынша өтеді. Біздің клубқа төрт жамбылдық спортшы Жанболат Қыдырбаев, Асланбек Шымбергенов, Аманқұл Әбілхан мен Нұрсұлтан Аманжолов тартылды. Әр салмақта мықты спортшыларымыз бар», - деді құраманың бас бапкері.
 
Еске сала кетейік Қазақстандық бокс федерациясының ақпаратынша, бокстан ерлер командасы толық құрамда Олимпиада ойындарына алғаш рет қатысып отыр.
 
Риода Қазақстан намысын 10 спортшы қорғайды. Бұлар - Олжас Сәттібаев, Қайрат Ералиев, Абылайхан Жүсіпов, Жәнібек Әлімханұлы, Әділбек Ниязымбетов, Иван Дычко, Данияр Елеусінов, Василий Левит, Біржан Жақыпов, Берік Әбдірахманов.