Бүгінде екі жақтың промоутерлері келіссөздер жүргізіп жатыр. Олар нақты бір шешімге келмейінше бұқаралық ақпарат құралдарына мәлімдеме жасамауды жөн көрді. Алайда Fightnews.com порталы осы келіссөздердің кейбір тұстарын біліп алған.
 
Baq.kz порталының мәлімдеуінше, промоутерлер Головкин мен Альварес бір-бірімен кездескенге дейін тағы екі-үш бөлек жекпе-жекті ұйымдастыру мәселесін қарастырып жатыр. Негізгі мақсат – аталған жекпе-жекке халықты көптеп тартып, көбірек пайда табу. Егер екі жақ осы шешімді қолдайтын болса, онда Сауль «Канело» Альварес канадалық Давид Лемьемен, я болмаса, американдық Кертис Стивенспен кездесуі әбден мүмкін. Геннадий Головкин олардың екеуін де нокаутпен жеңген болатын. Өз кезегінде Гена американдық Дэниэл Джейкобспен кездеседі.
 
Айта кетейік, WBA (Super), IBO, IBF және WBC (Interim) тұжырымдары бойынша әлем чемпионы Геннадий Головкин WBA белбеуінің негізгі әрі міндетті үміткері болып саналады. Аталған титулдың иесі – мексикалық Сауль Альварес.