Қазақстан бокс федерациясының вице-президенті, КСРО-ның еңбек сіңірген жаттықтырушысы Юрий Цхай қыздар арасында Астанада өтетін әлем чемпионатында ел құрамасы табысты өнер көрсететіндігіне сенім білдірді.

Бұл туралы бокс федерациясының баспасөз қызметі Baq.kz ақпарат агенттігіне хабарлады.«Бокстан Қазақстан әйелдер құрамасы соңына дейін айқасып, жеңіске жету үшін барын салуға тас-түйін дайын. Әрине, бұл сында оларды әлемнің ең мықты, мен деген бұрымды боксшылары шаршы алаңда күтіп тұр. Осы орайда олардың жеңіс тұғырынан көрінуі үшін қазақ жанкүйерлерінің шексіз қолдауы ауадай қажет. Жүлдеге ілінген боксшыларға олимпиада жолдамасы берілетіні белгілі. Федерация өкілі ретінде Барыс-Аренада өтетін әлемдік бокс бәсекесіне келіп қолдау көрсетулеріңізді сұраймын», - деді Цхай.

Әйелдер арасына бокстан Астанда өтетін әлем чемпионаты 19 мамыр күні басталады. Ұйымдастырушылар ашылу салтанатында ерекше шоу жасап, жанкүйерлер назарына ұсынбақ ниетте. Сонымен қатар, әлемдік доданың салтанатты ашылу рәсіміне АИБА-ның барлық басқарушы мүшелері қатысатын болады.