Әлемдегі үздік боксшы әйелдер әлем чемпионатына қатысу үшін Астанаға келе жатыр, деп хабарлайды ҚР Бокс федерациясының баспасөз қызметі.
 
Әлем чемпионатында медальдармен бірге үш салмақ дәрежесінде 12 олимпиадалық лицензиясы сарапқа түседі. Жаһандық бәсекеге ирландиялық Кэти Тейлор мен үндістандық спортшы Мэри Ком Астанада рекорд орнатып, өз карьерасында алтыншы рет әлем чемпионы атануы ықтимал. 
Алтынға үміттілердің қатарында америкалық Кларессу Шилдс, британиялық Никола Адамс - Лондон Олимпиадасының чемпиондары, сонымен қатар қытайлық Рен Канканды да атауға болады. 
 
Биылғы чемпионатқа барлығы 326 спортшы қатысуға ниет білдірген. Бұл әйелдер чемпионатының рекордтық көрсеткіші саналып отыр. Әлем біріншілігіне алғаш рет Иордания, Мозамбик және Сьерра-Леоне өкілдері қатыспақшы.
 
«Командалардың басым бөлігі Астанаға келді, олар боксты дамыту орталығында, «Толқын» спорт кешенінде және «Астана-аренада» жаттығып жатыр. Біздің спортшылар АҚШ, Финляндия және Черногория командаларымен бірлесіп жаттығу өткізді», - деп хабарлады федерацияның баспасөз қызметі.
 
«Астанадағы әлем чемпионаты әлемдегі әйелдер боксын жаңа деңгейге көтереді, - деп отыр AIBA президенті Чинг-Куо Ву. - Оған атақты чемпиондар мен дарынды жастар қатысады».
Чемпионатты тамашалау үшін қала тұрғындары мен қонақтары «Барыс-аренаға» тегін кіре алады. Әлем біріншілігі Астанада мамырдың он тоғызы күні басталады.
 
Baq.kz сайтынан