«Тараз» футбол клубының спорт директоры Қанат Шертаев футболдан Қазақстан ұлттық құрамасының Қытай құрамасымен өтізетін жолдастық кездесуі жөнінде клубтың баспасөз қызметіне сұхбат берді
 
 - Күні кеше Қытай Халық Республикасының футбол федерациясы келесі айдың жетісі күні Қазақстан ұлттық құрамасымен футболдан жолдастық кездесу өткізетіндігін ресми түрде мәлімдеді. Әрине, бұл біз үшін жағымды жаңалық. Өздеріңіз білесіздер Қытай құрамасы соңғы жылдары әлемдік доп додасында өзінің жақсы ойын өрнегін көрсетіп келеді. Әсіресе, Қытай футбол клубтарына бүкіл әлемге белгілі бапкерлердің, Еуропа клубтарында ойнаған ойыншылардың көп тартылуы бұл ел командасының өзіндік ойын стилін қалыптастырды десек те болады. 
 
 - Қытайдың барлық спорт түрлерінен алдыңғы қатарлы держава ел екендігін білеміз. Ал, футбол спорты Қытайда қалай дамыған деп ойлайсыз?
 - Әрине, Қытай ұзақ жылдар АҚШ, Ресей, Германия секілді алып елдермен спорттың барлық түрлерінен терезесі тең өнер көрсетіп келеді. Тіпті, Бейжіңде өткен жазғы олимпиадалық ойындарда да олар алғашқы орынды алды. Ал, Қытай футболын жөнінде айтатын болсақ. Қытай құрама командасы 1931-жылы ФИФА-ға мүше болып енді. Ал, Қытай футбол ассоциациясы алғаш рет 1924 жылы құрылды. Бұл дегеніңіз аспан асты елінің қалыптасқан үлкен футбол мектебі бар деген сөз. Қытай құрамасы Азия аймағында Жапония, Корея командалары секілді үздік футбол топтарына жатады. Олар бірнеше мәрте Шығыс Азия кубогының, Азия кубогының жеңімпаздары атанғандығын да айта кету керек. Сондықтан да мен көрші еліміздің футбол саласы қарқынды дамып келе жатыр деп айта аламын.
 
 - Қазақстан құрамасының Қытаймен кездесуі біздің ойыншыларға нақты не береді?
 - Енді Қазақстан құрамасы үшін Қытай командасы анау айтқандай үлкен қорқыныш тудырмайды деп ойлаймын. Өйткені, біздің команда осы уақытқа дейін футболы жақсы дамыған бірнеше елдің командаларымен иық тірестіре ойнай білді. Біздің ұлттық құрама да қазір өзіне үлкен тәжірибе жинап келеді. Олардың Қытайлықтармен кездесуі екі команда арасында өзіндік ойын стилін қалыптастыруға, тәжірибе алмасуға көмектеседі деп ойаймын. Менің білуімше Гао Хунбо жаттықтыратын Қытай ұлттық құрамасының сапында осал ойыншылар аз. Олардың басым көпшілігі Еуропаның, АҚШ-тың, Азияның белді командаларында тер төккен футболшылар. Мәселен: Хао Хайдун, Ли Вэйфен сынды легионерлерге қарсы ойнау біздің команда үшін қызықты әрі тартысты болатыны сөзсіз. Ендеше, алда болатын доп додасында жерлестерімізге сәттілік тілеймін.