«Ордабасы» ФК бас бапкері Бақтияр Байсейітов «Таразға» қарсы ойыннан кейінгі баспасөз мәслихатында өзінің жіберген қатесі туралы айтып берді.

- Бұл екі команда арасындағы ойын қызықты әрі тартысты өтетіндігі бәрімізге белгілі. Сондықтан, біз бұл ойынға тыңғылықты дайындалдық. Себебі біз келесі ойынды өз алаңымызда өткіземіз. Сол кезде үшінші орынға таласу үшін бізге бүгін тек жеңіс керек еді. Шәкірттеріме ризамын, олар сенімді ақтады. Ал енді ойынға келсем, екінші таймда мен екі жартылай қорғаушының орнына шабуылшыларды шығардым. Осы қадамым дұрыс болмаған сияқты. Қорғаныста сәл әлсіз болып қалдық. Осыны пайдаланған Малик Мане бізге гол соғып кетті. Енді болмағанда есепті теңестіріп кетуі де мүмкін еді. Жалпы, қиынырақ ойын болды. Бүгін тараздықтар сөзсіз жақсы ойнады. Еңбекқор ойыншылар бар екендігі де көрініп тұр.