2012 жылғы Лондон Олимпиадасының  әйелдер арасындағы бокстан қола жүлдегері Марина Вольнова  Қазақстанда әйелдер боксының дамуын тыңғылықты бақылап отыр, деп хабарлайды Қазақстан бокс федерациясы.
 
«Елімізде өтетін әлем чемпионаты әрбір спортшы үшін маңызды. Біздің қыздар бұл жарыста барлық күш-жігерін салады деп ойлаймын. Бізге олимпиадалық салмақтарда жолдамалар алу керек және осы ретте бұл жолдамаларға қол жеткізетімізге күмәнім жоқ. Себебі, еліміздің жанкүйерлері командаға жақсы әсер ететіні анық. Әйелдер боксында жақсы қарқын алып келе жатқан елдер бар, дегенменде біздің спортшыларға сенім мол. Осы орайда алдағы турнирде оларға сәттілік тілеймін!»,-деді  М. Вольнова.
 
Естеріңізге сала кетейік, Әйелдер арасындағы бокстан  әлем біріншілігі 19-27 мамырда «Барыс-Арена» сарайында өтеді.
 
Әлем чемионатында 64 мемлекеттен келген 300 жуық спортшы шеберлік байқасады. Дүбірлі додада Рио-де-Жанейрода өтетін жазғы Олимпиада ойындарына жолдамалар сарапқа салынады. Шараның салтанатты ашылуы 19 мамырға белгіленген, қазіргі кезде қыздар шаршы алаңға шығуға дайындық үстінде.
 
Төрт жылдықтың басты бәсекесіне лицензиялар үш салмақ дәрежесінде ұсынылады - 51 кг дейін, 60 кг дейін және 75 келіге дейін. Әр санат бойынша төрт жолдама беріледі.
 
Қазақстандық құрама командаға астаналық спортшылар: Римма Волосенко, Валентина Хальзова мен Ләззат Күнгейбаева енді. Сонымен қатар, жарыста Назым Қызайбай, Жайна Шекербекова, Дина Жоламан, Айжан Ходжабекова, Зарина Цолоева, Виолетта Князева мен Юлдуз Маматкулова ел намысын қорғайды.