Алматылық «Қайраттың» жартылай қорғаушысы Аслан Дарабаев kazfootball.kz сайтына берген сұхбатында қостанайлық «Тобылмен» өткен ойын жайлы айтып берді. 

— Жалпы ойын өте қызық өрбіді. Алдымен, қостанайлықтар есеп ашты, кейін біз екі гол соғып, кездесуді өз пайдамызға шештік. Футбол жанкүйерлеріне бұл матч ұнады деп ойлаймын. Ең бастысы - жеңіске жеттік. «Тобыл» - жақсы ойыншылардан жасақталған, мықты клуб. Бұған қоса біз турнир кестесінде бір қатардамыз. Жалпы, бар күшімізді салып, жеңіске жете алдық. Енді-енді өз ойынымызды табудамыз.

— «Қайрат» бірінші сатыда тұрған «Астанаға» он төрт ұпай ұтылуда. Алматылық клуб ел чемпионатын ұтуға әлі де мүдделі ме? 

— Иә, әрине. «Қайрат» сияқты команда тек жоғары мақсат қояды. Командамыздағы ойыншылардың деңгейі мен бюджетін ескерсек, жүлдесіз қалу - өте ұят нәрсе. Сондықтан бар ойымыз тек ел чемпионатын жеңуде. Әр матчта жеңіске жетіп жатсақ, бұл мақсатымыз жүзеге асады.   

— Биылғы маусым сіз үшін қалай өтуде? Вайсстың қол астында алаңға жиі шығатынсыз, ал қазір сирек...  

— Бородюктің қол астында да алаңға жиі шығатынмын. Қазір жағдай өзгеше, бас бапкер ауысты. Цхададзе маған үміт артуда. Сондықтан өкініп жүрмін деп айта алмаймын. Әзірге бәрі жақсы.