Мексика жұлдызы Сауль «Канело» Альварес өзінің кезекті жекпе-жегінде жеңіске жетіп, енді қазақстандық Геннадий Головкинмен кездесу ұйымдастырып көрмек.

Қос боксшыға жекпе-жек ұйымдастыру туралы шешім қабылдау үшін WBC президенті Маурисио Сүлейман 15 күн берді. Бұл уақыт аралығында Альварестің командасы келісімге келе алмаса, онда оның WBC чемпиондық белбеуі Головкиннің еншісіне кетеді. «Головкин, мен сені шаршы алаңға шақырамын. Бұл кездесуді Мексикада ұйымдастырайық, биыл ма әлде келесі жылы, маған бәрібір», - деді Альварес Ханмен болған жекпе-жектен кейін. Әрине, өз жанкүйерлер алдында Канело «Головкинмен жұдырықтасуға әлі дайын емеспін» деп айта алмады. Айтпайды да, себебі Альварес – нағыз бокс жұлдызы. 25-жастағы мексикалық боксшы үлкен спортпен қош айтысқан америкалық Флойд Мэйвезердің орнын басты.

Сондықтан да, жартылай орта салмақ дәрежесінде жұдырықтасатын Әмір Хан бірталай салмақ қосып, Сауль Альвареспен жұдырықтасты. Өкінішке қарай, сәтсіз. Кездесуді әдемі бастаған британиялық боксшы алтыншы кезеңнің соңында «Канелоның» соққысына тап болды. Әмір Хан бірден «талды»...

Енді не болмақ? Головкин Альварестің WBC белбеуіне міндетті үміткер. Яғни, бір жыл бойы бұл кездесуді созып жүрген Альварестің артқа шегінер жолы жоқ. Әрине, «Канело» чемпиондық титулынан бас тартып, басқа бір боксшымен кездесу ұйымдастыруы әбден мүмкін. Бірақ бәрі бұлай болса, бокс жанкүйерлерінің Альварестен көңілі қалады. Ал бұл «Канелоға» керек пе? Оскар Де Ла Хойяның айтуынша, ол ертең Головкинге хабарласып, кездесуді ұйымдастыру жайлы ұсыныс жасамақ. Ұсыныстың шарты бәріне мәлім – жекпе-жек 155 фунтта өтуі тиіс. Ендігі сұрақ – Головкин бұған келіседі ме? Келісетін шығар деген ойдамыз. Себебі, Головкиннің жасы 34-те, ол әлі бірде-бір жұлдызды боксшымен жұдырықтасқан жоқ. Мейлі, Гена бір-екі келі тастауын тастайды, ол үшін ең бастысы – миллиондаған бокс жанкүйерлері алдында Альваресті сабау емес пе? Ал Головкиннің бұл кездесуде жеңетініне еш күмәнім жоқ. Себебі, қазақстандық боксшы техникалық тұрғыда мексикалықтан әлдеқайда жоғары. Алаңдататын бір ғана жайт бар, егерде аталмыш кездесу өткізелетін болса, төрешілердің шешіміне жеткізбеуі қажет. Өйткені, қазылардың Сауль Альвареске жақтасатыны бәріне белгілі шығар. Мысал ретінде, Әмір Ханмен болған жекпе-жекте екі төреші Саульдің жеңісін көріп жатты. Іс жүзінде Әмір Хан басымырақ болған. Нокаутқа дейін, әлбетте. Сондай-ақ, Мэйвезермен болған кездесуінде бір төреші тіпті Альварестің жеңісін анықтады (Мэйвезер он екі раунд бойы Альваресті сабаған болатын). Жалпы, Альварес-Головкин кездесуі бокс әлемінде үлкен оқиға болмақ. Қос боксшы арасындағы жекпе-жек ұйымдастырылса, бұл биылғы маусымның ең үлкен айқасы болады. Ең бастысы, Сауль Альварес қайта сылтау іздеп, қайдағы бір болмайтын шарттарын ұсынбаса екен...   

Дайындаған: Қайсар ОҚАС