Қазақстандық кәсіпқой боксшы Қанат Ислам, мамырдың 8-і, АҚШ-тың Флорида қаласында өзінің кезекті жекпе-жегін өткізеді.

Жерлесіміз бокс кешінің басты кездесуінде колумбиялық Хуан де Анхельмен күш сынасады. Жекпе-жек бірінші орта салмақ дәрежесінде (69 келі) өтеді. ProsportKZ.kz тілшісі сіздерді Қанаттың қарсыласымен таныстырып өтпек.

Колумбиялық былғары қолғап шеберінің лақап аты – «Қауіпті». Бірақ бұл боксшының жекпе-жектер көрсеткішіне назар аударсақ, қауіптілігі аса байқалмайды. Хуан де Анхель кәсіпқой рингте 18 рет жеңіске жетіп, үш рет ұтылып, бір рет тең түскен болатын. 28-жастағы колумбиялық 18 кездесуінің 17-ін нокаутпен аяқтаған. Ал өзінің кәсіпқой бокстағы алғашқы кездесуінде отандасымен тең түскен екен. Колумбиялық барлық кездесулерін өз отанында өткізген. Де Анхель тек бір рет қана Мексика елінде жұдырықтасып, онда жеңіліс тапқан болатын. Флоридадағы Қанат Исламға қарсы кездесу - оның өзге еліндегі екінші матчы болмақ. Жалпы, де Анхель өте әлсіз қарсылас десе де болады. Қанат Исламның күші мен қабілеттілігін біле отырып, Хуанға бұл жекпе-жекте тек «лаки-панчқа» (жеңіліп жатқан кезде бір соққымен ұйықтату – ProsportKZ.kz) ғана үміт артуға болады. Бұған қоса, колумбиялық соңғы кездері өте сирек жұдырықтасады екен. Алдағы жекпе-жек қос боксшы үшін де биылғы маусымдағы алғашқы кездесу. Сондықтан да, Ислам мен Де Анхель өзін-өзін көрсету үшін бар күшін салады. Бұған қоса, кездесу АҚШ-тың «Bounce» арнасында көрсетіледі екен. Бұл әрине «НВО» мен «Showtime» емес, сонда да жақсы көрсеткіш. Егерде, Қанат Ислам Геннадий Головкиннің жолын басқысы келсе, онда міндетті түрде Хуан де Анхельді әдемі түрде, нокаутпен жеңуі қажет.

Кезінде, Гена польшалық Гжегож Проксаны жеңіп, АҚШ-қа жол ашқан болатын. Ендігі кезек Қанат Исламда деп үміттенейік. Қандасымыздың жасы да, уақыты да келді. Жалпы, «Қазақтың» салмағында мықты боксшылар жетерлік: Эрисланди Лара, Сауль Альварес, Мигель Котто, ағайынды Чарлолар. Әзірге, Қанатқа бұл боксшылармен кездесу өткізу өте ауыр болып тұр. Бірақ, егерде Ислам Америкада шаршы алаңға жиі шығып, әдемі әрі басым жеңістерге жетіп жатса, онда Қанатты чемпиондық белбеумен көріп қалуымыз әбден мүмкін. Бұған қоса, Қанат былтыр әйгілі бокс менеджері Эл Хэймонмен келісімшартқа отырған еді. Енді міне көп ұзамастан, Қанат АҚШ-тағы бокс кешінің басты кездесуінде өнер көрсетейін деп жатыр. «Қазақстан» арнасы бұл мүмкіндікті жібермей, жерлесіміздің кездесуін тікелей эфирде көрсететін болды.   

Жалпы, Исламның өз салмағындағы басқа мықты боксшымен емес, Хуан де Анхельмен кездесуіне себеп – оның колумбиялық промоутері Нельсон Лопез. Себебі, қос спортшы да оның қарамағында. Соңғы кездесулерінде үнемі колумбиялықтарды тізерлетіп жүрген Қанат үшін тағы бір «оңтүстік америкалықты» ұту – ауыр болмайды деген ойдамыз. Бұл жекпе-жектегі ең бастысы – өзін мықты қырынан көрсету. Себебі, талай америкалықтар бұл жекпе-жекті тамашалайды. Ал біз болсақ, қазақ батырымызға қолдау көрсетіп, жеңіске жетуіне тілектеспіз!

Дайындаған: Қайсар ОҚАС