Қазақстандық боксшы, Олимпиада ойындарының қола жүлдегері, бокстан үш дүркін әлем чемпионы Иван Дычко «Жастар есірткіге қарсы!» акциясына қатысты.
 
Қостанай облыстық ІІД-нің баспасөз қызметіненің хабарлауынша, шара ІІД-нің есірткі бизнесіне қарсы күрес басқармасының (ЕБКБ) бастамасымен Қостанай қаласы колледждерінің оқушылары үшін ұйымдастырылған.
 
Акцияның ұйымдастырушысы,  ЕБКБ жедел уәкілі Айгүл Ерәділованың  айтуынша, полицейлер Қостанай жастарын жасөспірім кезінен бастап спортпен айналысып жүрген жерлесі Иван Дычкодан үлгі алуға шақырады.
 
«Осындай кездесулер біздің елімізде салауатты ұлтты қалыптастыру жолындағы алғашқы қадам болмақ. Бізге дені сау жастар керек. Боксшы Иван Дычко - осындай акциялардың тұрақты қатысушысы. Жаттығулар мен жарыс сапарларының арасындағы уақытта ол жастармен кездесіп, оларға спорт, салауатты өмір салты туралы айтып отырады», - дейді капитан Ерәділова.
 
Иван Дычконың өзі: «Спорт - зиянды әдеттерге қарсы қуатты қару» деп есептейді. Чемпион салауатты өмір салтын әлеуметтік желілерде де насихаттайды.
 
ҚазАқпарат