Калифорнияның «Форум» аренасында жеңіске жеткен жерлесіміз Геннадий Головкин келесі жекпе-жегінде мексикалық Сауль «Канело» Альвареспен жұдырықтаспақшы.

«Канело-Хан кездесуінде кім жеңетіні бәрібір. Ең бастысы - менің белбеуім қолымда болу керек. Бұл менің титулым», - деді Головкин Уэйдпен жекпе-жектен кейін. Генаның мыңдаған жанкүйерлері мұны ести салып, қазақстандық боксшыға қолдау көрсетті. Тіпті америкалық тілшілер мен бокс сарапшылары да Геннадийді қолдай бастады. Қазіргі таңда, Головкиннің ең бастысы қарсыласы – бұл Сауль «Канело» Альварес. Себебі, мексикалық WBC тұжырымы бойынша толыққанды чемпион, Гена – тек уақытша. Флойд Мэйвезер мен Мэнни Пакьяодан кейін АҚШ-тағы ең танымал боксшы – дәл осы Сауль Альварес. «Канело» екі аптадан кейін британиялық Амир Ханмен жұдырықтасады. Бұл жекпе-жектің жеңімпазы келесі кездесуінде қазақстандық боксшымен жұдырықтасуға міндетті. Бірақ WBC президенті Маурисио Сулейман бұл шешімін қайта өзгертіп, Альвареске тағы бір кездесу өткізуге мүмкіндік беруі мүмкін. Сондықтан, «Трипл Джиге» Альварес келіспесе, екінші орта салмақ дәрежесіне көтерілген дұрыс болар еді. Не болмаса, британиялық Билли Джо Сондерспен кездесу ұйымдастыру қажет. Оның еншісінде – WBO белбеуі бар.  

«Суперорта салмақ сені күтуде, Гена!»

Жалпы Головкинді жартылай ауыр салмақ дәрежесіне дейін көтеруге болады. Кезінде, атақты Рой Джонс орта салмақ дәрежесінде бастап, артынша тіпті аса ауыр салмақ дәрежесінде әлем чемпионы атанды.  Шыны керек, Головкиннен де мұндай нәтижелерді күтуге болады. Бірақ, ол үшін ең алдымен супер орта салмақ дәрежесіне көтерілу керек. Онда, қызық жекпе-жектер көп – Рамирес, Фроч, Гроувз, ДиГейл, Баду Джек, Чавес. Аталмыш боксшылардың әрқайсысымен жекпе-жек өте тартысты әрі қызық болмақ. Себебі, олардың бәрі Головкиннен ірі қарсыластар. Тіпті, Фроч, Гроувз немесе ДиГейлмен кездесу өткізіп, 90 мыңға толы «Уэмбли» стадионын толтыруға болады. Бұл салмақта, Головкинді жекпе-жекке шақырған боксшылар жетерлік: Рамирес, ДиГейл және т.б.  Әрине, Головкиннің Супер орта салмақ дәрежесіне көтеріліп, онда да чемпионы атану мүмкіндігі жоғары. Себебі, техникалық тұрғыда екінші орта салмақ дәрежесінде Головкиннен мықты боксшы жоқ. Андре Уорд деген жігіт болды, бірақ ол қазір жартылай ауыр салмақ дәрежесіне ауысып кетті. Енді, ол күзде ресейлік Сергей «Крашер» Ковалевпен жұдырықтасады деп күтілуде.  

«Келесі кім?»

Доминик Уэйдті еш қиындықсыз ұтқан Геннадий шаршы алаңға енді тек жаздың соңында немесе күздің басында бірақ оралады. Келесі қарсыласы кім болуы мүмкін? Сауль «Канело» Альварес, Билли Джо Сондерс немесе Хильберто Рамирес. Осы үш боксшының біреуімен Геннадий биыл міндетті түрде жұдырықтасады. Сауль Альварес нағыз ер жігіт болса, Әмір Ханды ұтып жатқан жағдайда Головкинмен кездесуге келісімін береді деген ойдамыз. Кері жағдайды, бар үміт – Билли Джо Сондерсте. Онымен Головкин тек Англияда ғана жұдырықтаса алады. Себебі, бұл Сондерстің қалауы. Ал, орта салмақ дәрежесінде қарсылас табылмаса, Головкин жыл соңында мексикалық Хильберто Рамиреспен кездесуі мүмкін. Бұл жекпе-жекті Тор Rank промоутерлік компаниясының президенті Боб Арум ұйымдастырғысы келеді. Кезінде, бұл кісі Чавес-Головкин жекпе-жегін ұйымдастыруға жақын болған, бірақ мексикалық аталмыш жекпе-жек үшін жалақы аз деп, басқа промоутерлік компанияға қашып кеткен болатын. Бұл жолы  жағдай өзгеше болады деп сенеміз.   

Дайындаған: Қайсар Оқас