Қазақстандық кәсіпқой боксшы Геннадий Головкин мен америкалық Доминик Уэйдтің жекпе-жегіне дейін бірнеше күн қалды.

ProsportKZ.kz тілшісі аталмыш кездесу қарсаңында қос боксшының мүмкіндіктерін зерттеп көрді.

Жақында ғана 34-ке толған Геннадий Головкин кездесуге тыңғылықты дайындығын өткізуде. Жаттығудан тыс, қандасымыз ЕХРО-2017-нің басты елшісі атанып, атақты Майкл Джорданның спорт брендімен келісімшартқа отырды. Бұның бәрі, Головкиннің танымалдығына үлес қосатыны анық. Соған қарамастан, Головкиннің бар ойы - Доминик Уэйдте. 24-жастағы америкалық боксшы өзінің кәсіпқой мансабында ең үлкен «жолдамасына» ие болды. Орта салмақтың патшасымен жұдырықтасу - Уэйд үшін нағыз тосын сый. Бұған қоса, қаржылық тұрғыда біраз табыс табатыны анық. Головкин болса Лемьемен жекпе-жектен кейін кері қадам жасап, тағы бір мәрте аса танымал емес боксшымен кездесуге мәжбүр болды. Бұл тұрғыда Геннадийді емес, оның промоутері мен менеджерін айыптаған дұрыс. Мексикалық Сауль Альварес және британиялық Билли Джо Сондерспен жекпе-жек ұйымдастыра алмаған Том Леффлер үлкен кездесуді қайта кейінге жоспарлап, Доминик Уэйдтің өзіне «тәуба» деп қоя берді. Доминик Уэйд – IBF тұжырымы бекіткен қарсылас. Негізінде, бұл тұжырым бойынша міндетті қарсылас – ол Туреано Джонсон. Бірақ, соңғысының жарақат алуына байланысты «Трипл Джи» Уэйдпен кездесетін болды.

«The big mismatch show»

Жалпы, Головкин-Уэйд кездесуіне келетін болсақ, онда америкалық боксшыда бірде-бір мүмкіндік жоқ. 40-тан асқан австралиялық боксшы Сэм Солиманды әрең ұтқан Доминик Головкинмен жекпе-жекте бірінші кезеңнен бастап шаршы алаң бұрышын іздейді. Ал,  қазақстандық боксшының рингтегі қимылдары керемет екенін ескерсек, онда америкалыққа тез жеңіле салу – ең қолайлы шешім болмақ. Себебі, Головкиннің соққылары қаншалықты жойқын екені бәрімізге мәлім. Бұған қоса, Геннадий жанкүйерлерге толы «Форум» аренасында әдемі әрі айқын жеңіске жетуге тырысады. Ең бастысы - Головкиннің бапкері Абель Санчес «асықпа, тәжірибе жина» деп айтпаса болғаны. Жалпы, Гена өз қарсыласын бастапқы 3-раундта нокаутқа құлатуы тиіс. Букмекерлердің пікірі де осындай, Геннадийдің жеңісіне 1,01 коэффициент беріп тұр. Бұл туралы Доминик Уэйдтің өзі де айтқан болатын: «Менің жеңісіме ешкім сенбейді. Аутсайдер болған ұнайды, бұл маған қосымша күш береді» деді. Әрине, Доминик Уэйд Головкинді ұту үшін бар күшін салады, бірақ сол бар күшінің өзі бір-екі раундқа ғана жететін сияқты. Давид Лемье, Вилли Монро мен Мартин Мюррей Уэйдтен әлдеқайда мықты. Бірақ, олардың өзі де Қарағанды тумасына еш төтеп бере алмай, таяқ жеп қайтты. Қос боксшы бір апта қалғанда салмақтарын өлшеді: Головкин 74 келін көрсетсе, Уэйд - 75 келі. Жекпе-жек 72 келі салмақ дәрежесінде өтеді. Бұл кездесуде Геннадий Головкин IBF, WBA, IBO белбеулерін қорғайды.

Естеріңізге сала кетсек, Головкин-Уэйд жекпе-жегі сәуірдің 23-і, Лос-Анджелестің «Форум» аренасында өтеді. Кездесуді «Казспорт» арнасы тікелей эфирде көрсетеді. Басталу уақыты, сәуірдің 24-і, таңғы сағат 08:00-де.      

 

Дайындаған: Қайсар ОҚАС