Ресейлік атақты боксшы Григорий Дрозд қазақстандық боксшы Геннадий Головкиннің 23 сәуір күні америкалық Доминик Уэйдпен кездесуінде қолданатын мықты тұстарын айтып берді.

Бұл туралы Тengrinews.kz ақпараттық порталы мәлім етті. 

«Бірінші кезекте Геннадий Головкинге қатысты үш нәрсені атар едім. Біріншісі - оның аяқтары, қозғалысы. Екіншісі - күшті, естен тандыратын соққылары. Үшіншісі - оның рингтегі дүние танымы. Тәсілді қолдануы өте дұрыс. Оның қысым көрсетуінің сыры неде? Геннадий Головкин - рингте қарсыласын кеңістіктен айыратын адам, кейде жылдам, ал кей кездері біртіндеп жанши бастайды», - деді Дрозд. 

Сонымен қатар, Дрозд қазақстандық боксшының тағы бір қасиетін айта кетті. «Оның мынадай қыры бар: ол айдаһар жылан сияқты әрекет етеді. Жаныңда тұрып жақындайды, бірақ өте мықты қорғанады. Ол соққыларын шектейді немесе сол қалпы жаныңда қалады, бірақ ол үшін сол зонада қалу ыңғайлы. Сондай-ақ, ол әрдайым қарсы соққы жасайды немесе еңкейіп барып ұрады. Бұл қысым - Геннадийдің үлкен көзірі. Бұл оны Уэйдке қарсы қолдануы керек және бұл оның қолынан келуі тиіс. Геннадийдің соққылары қалыпсыз, ерекше және ауыр, қатты тиіп, олардан кейін адам құлайды», - деді Дрозд.

Еске сала кетейік, Геннадий Головкиннің алдағы кездесуі 23 сәуірде Лос-Анджелесте өтеді. Оның қарсыласы америкалық боксшы Доминик Уэйд болады. Қазақстандықтар үшін кездесу 24 сәуір күні таңертең басталады. Жекпе-жекті «Қазақстан» телеарнасы тікелей трансляциялайды.

Головкин үшін бұл кездесу WBA титулын қорғаудағы 16-ншы, IBO - 13, WBC (Interim) - 4, IBF-те бірінші жекпе-жек болады. GGG кәсіби рингте барлығы 34 жекпе-жек өткізіп, барлығында жеңіске жеткен. Олардың арасында 31 кездесу уақытынан бұрын аяқталды. Ал Уэйдтің қоржынында 18 жекпе-жек бар, ол да барлығында жеңіске жеткен. Сонымен қатар, кездесулерінің арасында 12 жекпе-жек уақытынан бұрын аяқталған.