Орта салмақта WBA (Super), IBO, WBC (Interim) және IBF тұжырымдары бойынша әлем чемпионы қазақстандық Геннадий Головкин (34-0, 31 КО) орта салмақта WBC белбеуінің иегері мексикалық Сауль «Канело» Альваресті (46-1-1, 32 КО) боксқа құрметсіздік көрсетті деп сөкті.

Бұл туралы Тengrinews.kz ақпараттық порталы мәлім етті. Головкиннің айтуынша, Альварес 155 фунт аралық салмағында ғана жекпе-жек өткізуге дайын, бірақ екеуінің де дене пішімдері бірдей. 

«Мен - қазір Альварес иемденіп жүрген WBC титулына ресми үміткермін. Мен бұл жекпе-жектің қазір болғанын қалаймын. Орта салмақта кімнің бірінші және кімнің нағыз чемпион екенін анықтау мен үшін маңызды. «Канело» - жақсы боксшы. Меніңше, ол жекпе-жекке дайын... Оның дене пішімі тура менікіндей. Оның салмағы да менікіндей. Ол 155 фунтта жекпе-жекке шыққысы келеді - неге 155? Орта салмақ дегеніміз 160 фунт қой», - дейді Головкин. 

Сонымен қатар, GGG «Канелоның» Пакьяомен болуы мүмкін делінген жекпе-жегі жайлы пікір айтты. «Бұл бизнеске келіңкірейді. «Канело» Мэнниден үлкенірек. Олар қандай салмақта жұдырықтаспақшы? 155? Бұл салмақ Мэнниге келмейді. Пакьяоның 150 фунтта Маргаритомен өткізген жекпе-жегін көрдім, бірақ 155 Пакьяоға үлкен салмақ. «Канело» салмақ өлшеуде 155 фунтты көрсетеді де, жекпе-жекке 175 фунтта шығады. Ол Мэнниге тым үлкен. Бұл спортқа деген құрметсіздік... «Канело» - орта салмақта әлем чемпионы, 140 немесе 147 фунттарда емес», - деді Головкин.