WBO нұсқасы бойынша екінші орта салмақтағы жаңа әлем чемпионы мексикалық Хильберто Рамирес (34-0, 24 KO) WBA (Super), IBO, WBC (Interim) және IBF нұсқалары бойынша орта салмақтағы әлем чемпионы қазақстандық Геннадий Головкинмен (34-0, 31 КО) жекпе-жек өткізуге әзір екенін айтты.

ҚазАқпараттың хабарлауынша, бұл туралы мексикалық боксшы Лас-Вегаста MGM Grand  аренасында Артур Абрахаммен (44-5, 29 KO) кездесуден кейін мәлім еткен. Рамирес төрешілердің бірауызды шешімімен екінші орта салмақтағы WBO жаңа чемпионы атанды.

«Мен барлығына дайынмын. Титулым бар және қалаған кез келген боксшы менен оны алып көрсін», - деді Рамирес.

Айта кету керек, Раирес Абрахаммен кездесер алдында Головкинмен айқасуға ниет білдірген. «Менің Головкинмен жұдырықтасқым келеді. Өйткені ол үздік боксшы». Оның промоутері Боб Арум бұл жекпе-жекті ұйымдастыруды жоспарлап отырғанын атап өтті.