Әуесқой бокстан Қазақстан құрамасы өз тарихында тұңғыш рет Олимпиада ойындарына тарихи он жолдамаға ие болды. Демек, Рио-де-Жанейродағы Олимпиадада әр салмақ дәрежесінде бір қазақстандық боксшыдан өнер көрсетеді.

ProsportKZ.kz сайтының тілшісі қазақстандық боксшылардың жазда өтетін Олимпиада ойындарындағы мүмкіндіктерін саралап көрді.

Кеше ғана аяқталған Қытайдағы лизенциялық турнир біз үшін өте табысты болды. Ерлер арасында бұл жарысқа аттанған алты боксшымыз да Риоға жолдама алды. Оның үшеуі тіпті бұл жарыстың жеңімпазы атанды: Жәнібек Әлімханұлы, Абылайхан Жүсіпов пен Иван Дычко. Ал, Олимпиада ойындарына толық он лизенция алған қазақстандық боксшылардың тізімі мынадай:

49 келі: Біржан ЖАҚЫПОВ

52 келі: Олжас СӘТТІБАЕВ

56 келі: Қайрат ЕРАЛИЕВ

60 келі: Берік ӘБДІРАХМАНОВ

64 келі: Абылайхан ЖҮСІПОВ

69 келі: Данияр ЕЛЕУСІНОВ (команда капитаны)

75 келі: Жәнібек ӘЛІМХАНҰЛЫ

81 келі: Әділбек НИЯЗЫМБЕТОВ

91 келі: Василий ЛЕВИТ

+ 91 келі: Иван ДЫЧКО

Аталмыш былғары қолғап шеберлеріміздің әрқайсысы өз салмағында жүлдеге таласатыны анық. Әрине, бұл тізімнен бір-екі Олимпиада чемпионы шығып жатса, соған да қанағат. Ал жігіттерімізден «алтын» күтуге құқығымыз бар – Қазақ боксшылары 1996-шы жылдан бері әр Олимпиадада кем дегенде бір «алтынмен» қайтқан. Бұл жолы да кем дегенде бір «алтын» алуымыз тиіс. Сондай-ақ, біздің салмақ болып есептелетін 69-келіде Даниярдың мүмкіндігі жоғары. Сондай-ақ, Жәнібек Әлімханұлы мен Абылайхан Жүсіповтен сенсация күтуге болады. Екі жас боксшымыз Қытайдағы лизенциялық турнирде өздерін мықты қырынан көрсетті. Жәнібек тіпті соңғы екі қарсыласын техникалық нокаутпен жеңіп, енді-енді бабына келгенін дәлелдеді.

Ұлттық құрамамыздың ең жас мүшесі, жастар арасындағы әлем чемпионы Абылайхан Жүсіпов бір жарысқа қатысып-ақ, Олимпиада ойындарына жолдама алды. Естеріңізге сала кетсек, бұның алдында 64-келіде бақ сынаған Самат Бәшенов лизенцияға ие бола алмай, Мырзағали Айтжанов Абылайды 64 келіге ауыстыруға мәжбүр болды. Себебі, бұған дейін 60 келіде Берік Әбдірахманов «лизенция» алып қойған болатын. Жалпы, бұл салмақта Беріктің де жүлдеге ілінуге мүмкіндігі жақсы. Абылайхан жас болғанына қарамастан, Қытайда барлық қарсыластарын жарыс жолынан шығарып, Олимпиадада марқұм Бекзат Саттархановтың ерлігін қайталуға дайын екенін көрсетті.  

Ұлттық құрамамыздың ең тәжірибелі боксшысы Біржан Жақыповтың да жүлделі орыннан көрінуі ғажап емес. Көп жылдар бойы еңбек еткен әлем чемпионы Біржан үшін бұл соңғы Олимпиада ойындары болуы мүмкін. Сондықтан, тәжірибелі боксшымыз РИО-да жеңіске жету үшін бар күшін салады.

Олжас Сәттібаев пен Қайрат Ералиев Қытайдағы лизенциялық турнирде үшінші орын алып, Олимпиадаға қатысу құқығына ие болды. Қос боксшыдан алтын күтпесек те, жүлделі орынға табан тірейді деген ойдамыз.    

Қытайда күміс жүлдегер атанған Әділбек Ниязымбетовтен де медаль күтеміз. Бұған дейін, ақтаулық боксшы көбінде күміс жүлдеге қол жеткізетін. Олимпиада болсын, Әлем чемпионаты болсын Әділбектің үнемі финалда сүрінетін әдеті бар. Бірақ, соңғы кездері өзбекстандық боксшылардан ұтылып жүрген Әділбек үшін Олимпиаданың «қола» жүлдесі «алтынмен» тең деуге де болады.  

Әуесқой бокстағы ең жарқын жұлдыздарымыздың бірі – Василий Левит. Бүкіләлемдік бокс сериясында керемет өнер көрсеткен Васяның РИО-да «алтынға» таласатыны анық. Бәсекелестіктің жоғары болғанына қарамастан Левиттің жеңіске мүмкіндігі жоғары. Тура сол жағдай аса ауыр салмақта. Тәжірибелі Иван Дычко кем дегенде жартылай финалға өтуі тиіс. Өзінің тұрақты көрсеткішімен белгілі Ваня аса ауыр салмақта «алтынға» фаворит боксшыларының бірі.

Соңғы Дохадағы әлем чемпионатынан кейін сынға ұшыраған ұлттық құрама бапкері Мырзағали Айтжанов жазғы Олимпиада ойындарына боксшыларымызды сақадай сай етіп дайындайды деген үміттеміз. Тарихи он жолдама алғаннан кейін енді боксшыларымыз Олимпиада ойындарына тыңғылықты дайындығын бастайды. Әзірге Куба құрамасымен қатар тек Қазақстан ғана толық он лизенцияға ие. Демек, Рио-да Куба құрамасына лайықты қарсылас көрсетіп, кем дегенде екі алтын жүлде аламыз деп үміттенейік.      

Дайындаған: Қайсар ОҚАС