Бокстан орта салмақта WBA (Super), IBF, IBO және WBC (Interim) тұжрымдары бойынша әлем чемпионы Геннадий Головкин қарсыласы Доминик Уэйд жайлы пікір білдірді, - деп хабарлайды tengrinews.kz. Бұл жөнінде қазақстандық боксшы UCNLive арнасына берген сұхбатында мәлімдеді.

Сұхбат барысында Геннадий Головкинге Доминик Уэйд жайлы не білесіз деген сұрақ қойылды. Боксшының бұл сұраққа берген жауабы мынадай:

«Қазіргі таңда - бұл мен үшін өте маңызды жекпе-жек. Доминик - жақсы қарсылас. Айта кетейін, мені оңай кездесу күтіп тұрған жоқ. Бірақ мен бәріне дайынмын».

Сонымен қатар, боксшы Уэйдпен жекпе-жегін өткізгеннен кейін немен айналысатынын айтып берді.

«Біріншіден, Альварес-Хан кездесуінің нәтижесін күтемін. Осыдан кейін оның екі апта ғана уақыты болады, ол кезде WBC нақты шешім қабылдайды. Қалай дегенмен, менде келесі жекпе-жектер бойынша жоспар бар. Мен үшін жылына үш-төрт жекпе-жек қолайлы» , - деді қазақстандық боксшы.

Айта кетейік, сұхбат барысында Головкин алдағы уақытта мексикалық Сауль «Канело» Альвареспен немесе ұлыбританиялық Билли Джо Сондерспен жұдырықтасқысы келетінін жетікізді.