Қазақстандық кәсіпқой боксшы Геннадий Головкин америкалық Доминик Уэйдті жеңген соң, мексикалық Сауль Альвареспен 70 келі салмақ дәрежесінде жұдырықтасуға дайын.
 
Бұлай дейтін себебіміз, Головкин Уэйдке қарсы жекпе-жек алдында салмақ өлшеп, 74 келіні көрсетті. Бұл жекпе-жекке бір ай қалған кездегі көрсеткіш. Әрине, бір ай ішінде Геннадий екі келіні оңай тастайды. Еске түсірейік, Лемьеге қарсы кездесу алдында Гена 76 келі болған, Монромен матч алдында 78 келі еді. Демек, Головкин ақырындап өзін Альвареске қарсы жекпе-жекке дайындауда.  Жақында ғана Альварес Геннадиймен тек 70 келі салмақ дәрежесінде жұдырықтасатынын жеткізді. Ал Головкиннің бұл кездесу орта салмақ дәрежесінде өтуі тиіс деген. Заң бойынша, аталмыш жекпе-жек 72 келіде өтуі керек. Бірақ WBC президенті Сүлейманның соңғы сөздерінен кейін, бұл кездесу бұдан да төмен салмақ дәрежесінде өтуі мүмкін. WBC президенті, әрине, өз жерлесі Саульге жақтасады. Головкиннің Рубионы жеңіп, WBC  белбеуіне міндетті қарсылас болғанына екі жылдан астам уақыт өтті. Алайда жағдай еш өзгеріссіз. Головкин әлі де Уэйд сияқты әлемге аса танымал емес боксшылармен жұдырықтасуға мәжбүр. WBC-дің бұрынғы әлем чемпиондары Мигель Котто мен Серхио Мартинес те Головкинмен кездеспей кеткен. Ендігі кезек, Альваресте ме? Жоқ. Мексикалық былғары қолғап шебері жұдырықтасуға дайынмын деді. Бірақ өз салмағында. Әрине, бұл жағдай қазақстандық боксшының жанкүйерлеріне ұнамайды. 
 
 
Өтірік уәде беруді жақсы көретін Сүлейманның айтуынша, бұл жекпе-жек осы жылдың қыркүйек айында өтуі қажет. Кері жағдайда, Головкин WBC белбеуінің жаңа иегері атанады. Жалпы, кәсіпқой бокс әлемінде WBC – ең беделді белбеу. Сондықтан да Головкин бұл белбеуді аңсап жүр. Оны да түсінуге болады. Әзірге Головкиннің еншісінде WBA мен IBF белбеулері. WBC мен WBO белбеулері арманда. Біріншісі Альваресте болса, екіншісі - Билли Джо Сондерсте. Екеуіде Головкинмен кездесуге асықпайды.  
 
 
Егерде Головкин Уэйд секілді боксшылармен жұдырықтасқысы келмесе, оған Сауль Альварестің шартына келісуі қажет. Әрине, бұл - бокс заңының бұзылуы. Соған қарамастан, Головкин үшін қазір ең керегі жұлдызды қарсылас әрі WBC белбеуі. Мэйвезерден кейінгі америкалықтар сүйетін боксшы – осы Сауль Альварес. Демек, Канэло сынды қарсылас Головкинге қазір өте қажет. Екі келі тастаса да, Головкин Альваресті ұтатынына сенім мол. Себебі, қазақстандық боксшының физикалық әрі техникалық дайындығы мексикалықтан жоғары. Головкиннің жасы 34-те, уақыт өтіп барады. Генаның мансабында әлі де бірде-бір жұлдызды қарсылас болған жоқ. Осыны түсінген Головкин де Альварестің шартына келіскен сынды. Енді сәуірдің 23-і, Геннадий Доминик Уэйдті жеңген соң, Альвареске қарсы кездесуге дайындығын бастайды. Ол үшін, әрине, алдымен Уэйдті ұту керек, ал Альварес Әмір Ханды жеңуі қажет. Егерде Головкин-Альварес кездесуі ресми түрде расталса, аталмыш жекпе-жек 2016-шы жылдың ең басты айқасы болады. 
 
 
 
 
Дайындаған: Қайсар ОҚАС