Жартылай орта салмақ дәрежесінде IBF тұжырымының чемпионы британиялық Келл Брук (35-0, 24 КО) қазақстандық кәсіпқой боксшы Геннадий Головкинмен (34-0, 31 КО) жекпе-жек өткізгісі келетінін мәлім етті.

BNews.kz ақпараттық порталының мәлімдеуінше, бұған дейін британиялықтың промоутері Эдди Херн биыл жазда Брук пен Головкин арасында жекпе-жек ұйымдастырғысы келетінін мәлімдеген болатын.

«Мен Эддиге Головкинмен кездескім келетінін айттым. Жұрт мені есінен алжасқан деп ойлайтын шығар. Алайда, мен қазақстандық боксшымен шаршы алаңда жолығып, күшімді байқағым келеді. Ол үшін мен екі салмақ жоғары көтерілуге бармын. Естеріңізде болса, өз заманында Шугар Рэй Леонард та Хаглермен кездесу үшін салмақ қосты емес пе?! Немесе Мэйуэзерді алайық, ол да карьерасын екінші жартылай орта салмақта бастап, өзінен әлдеқайда ірі жігіттермен қолғап түйістірді. Меніңше, мықтылармен шығу үшін бастысы жүрек керек, мен шеберлігіме, тәжірибеме сенемін», - дейді Келл Брук.

Айта кетейік, британиялық боксшы келесі жекпе-жегін 26 наурыз күні канадалық Кевин Бизьеге қарсы өткізеді. Ал Головкиннің келесі кездесуі 23 сәуірде Инглвудтағы (Лос-Анджелес, АҚШ) «Форум» аренада өтеді. Оның қарсыласы америкалық Доминик Уэйд (18-0, 12 КО). Отандасымыз қазір осы жекпе-жекке дайындалып жатыр.