Қазақстандық кәсіпқой боксшы Геннадий Головкиннің бапкері Абель Санчестің айтуынша, соңғы кездері америкалық Флойд Мейвезер отандасымыздың есімін жиі еске алып, реті келсе, тілімен түйреп алатын көрінеді, деп хабарлайды BNews.kz.
 
«Мейвезер осы күндері Головкинді жиі еске алып жүр. Соңғы бірнеше аптаның өзінде 3-4 рет шәкіртімді жеңетінін айтыпты. Осы айтқандарын бағамдап қарасам, ол таяуда боксқа қайтып оралатын сыңайлы. Головкинмен кездесе ме, жоқ па оны білмеймін, бірақ, оның боксқа қайтып оралатынына сенімдімін», - дейді А.Санчес.
 
Бұған дейін Абель Санчес: «Шәкіртім Мейвезермен жекпе-жек өткізу үшін салмақ тастауға дайын» - деп мәлімдеген болатын. Айта кетейік, америкалық боксшы шаршы алаңда 49 кездесу өткізіп, барлығында жеңіске жеткен. Бокс сарапшыларының пайымдауынша, Мейвезер таяу уақытта карьерасындағы елуінші жекпе-жегін өткізіп, сонан соң ғана қолғабын шегеге ілуі мүмкін.