Кәсіпқой боксшы Қанат Ислам елдің атынан Олимпиадаға қатысу керек болса, дайын екенін айтты. Бұл туралы oishogyr.kz сайты мәлім етті.

«Елдің ықыласына, қолдауына рахмет. Мені іздейтін қазағымның барына шүкір. Елдің ықыласы жеңіске жетуіме сенім ұялатып, серпін береді. Қазір мен АҚШ-та келесі жаттығуыма дайындалып жатырмын. Бұйыртса жекпе-жек келесі айдың сегізіне деп жоспарлануда. Әрине, мен үшін олимпиаданың орны бөлек. АҚШ-та да Көк туды желбірету үшін жүрмін ғой. Бірақ олимпиада ойындарында Әнұранды ойнату ол бөлек нәрсе. Ол - бөлек қуаныш. Қазір менің салмағымда Данияр Елеусінов, Жәнібек Әлімханұлы інілерім өнер көрсетіп жүр. Екеуі де жақсы жігіттер. Олар бокс әлемінің жарық жұлдызына айналатынына сенемін. Тілекшімін. Шынымды айтсам, сол екі інімнің жолын кескім келмейді. Әрине, маңдайға жазғаны болады. Егер, Қанат олимпиадаға елдің атынан сен баруың керек десе, мен дайынмын. Бәрін тастап баруға әзірмін. Биылғы дода өте тартысты болмақ, олимпиадада өнер көрсететін бауырларыма тек сәттілік тілеймін. Көк туды желбіретіп, ел қоржынына көп алтын салады деп сенемін», - деді ол.