Бүкіләлемдік бокс кеңесі (WBC) осы ұйымның чемпиондарына Рио-де-Жанейро Олимпиадасына қатысуға тыйым салды.

«WBC жоғары дәрежедегі кәсіби боксшылардың ешқайсысы Олимпиада ойындарына қатыспайды деп үміттенеді. Себебі бұл өте қауіпті. Осы мәселе түбегейлі шешілмейінше, шараның форматы толықтай анықталмайынша, WBC рейтингіндегі үздік 15 боксшыға Рио Олимпиадасына қатысуға тыйым салады», - делінген хабарламада.

Естеріңізге сала кетсек, бұған дейін Халықаралық әуесқой бокс ассоциациясы (AIBA) кәсіпқой боксшыларға Олимпиада ойындарына қатысуға мүмкіндік берген еді.

Айта кетейік, WBC тұжырымы бойынша орта салмақта әлем чемпионы титулына Сауль «Канело» Альварес ие. Қазақстандық боксшы Геннадий Головкин болса WBC (Interim) тұжырымының чемпионы. Сондықтан, Головкинге де Рио Олимпиадасына қатысуға тыйым салынды.