WBC нұсқасы бойынша әлем чемпионы мексикалық Сауль «Канело» Альварес Геннадий Головкинмен жекпе-жегінің міндетті түрде болатынын айтты.

«Бұл жекпе-жектің биыл өтуі әбден мүмкін. Барлығы келіссөздерге байланысты. Дегенмен мен кез келген уақытта жұдырықтасуға дайынмын», - деді Альварес.

Тengrinews.kz ақпараттық порталының мәлімдеуінше, мексикалық боксшы Головкинмен 7 мамырда Әмір Ханға қарсы өтетін жекпе-жегінің нәтижесіне қарамастан жұдырықтасатынын мәлімдеді. «Кездесу міндетті түрде болады, мен осыны қалаймын. Дегенмен қазір бұл туралы ойлай алмаймын. Себебі алда Әмір Ханмен өтетін жекпе-жегіме дайындалуым керек», - деді Альварес.

Еске салайық, Головкин келесі жекпе-жегін 23 сәуірде америкалық Доминик Уэйдке қарсы өткізеді. WBC талабына сәйкес, осыдан кейін ол Альварес - Хан кездесуінің жеңімпазымен жұдырықтасуға міндетті.