Сидней Олимпиадасының чемпионы Ермахан Ибраимов Бүкіләлемдік бокс академиясында «Аруана» көпатқарымдық сауықтыру орталығының ашылу рәсіміне қатысты.
 
«Біздің кезімізде боксшылардың спорттағы жолы қысқа болды ғой. Физикалық мүмкіндігімен, жігерімен, бапкерлердің күшімен чемпион болып жүрді. Ол кезде 30 жасқа дейін мүмкіндігіңді көрсетсең көрсеттің, көрсетпесең, «сау бол» дейтін. Ал қазір, ғылымға негізделген, инновациялық технологиялар мен бейстандарттық әдістемелермен қамтылған спорттық медицинаның арқасында спортшының спорттағы өмірін ұзартуға мүмкіндік ашылды. Енді, боксшылардың спорттағы жасы 35, бәлкім 36-37 жасқа дейін ұзарса деген ойымыз бар. Мен мысалы, 24 жасымда Атланта Олимпиадасының қола жүлдегері атандым. 2000 жылы - 28 жасымда Сидней Олимпиадасында жеңіс тұғырына көтерілдім. Ал егер, менің кезімде Қазақстанда ғылымға негізделген, заманауи, спорттық медициналық орталық болғанда, екі дүркін Олимпиада чемпионы болуға толық мүмкіндігім болар еді. Әйтпесе, 32 жас - ер азаматтың нағыз пісіп жетілген кезі ғой. Біржан Жақыпов қазір 32 жаста. Оның әлі де жоғары жетістікке қол жеткізер мүмкіндігі зор», - деді Ермахан Ибраимов ҚазАқпарат» тілшісіне берген сұхбатында.
 
Айта кетелік, алдағы наурыз айынан бастап, бокстан жастар және жасөспірімдер ұлттық құрама командалары аталмыш орталық мамандарының ақыл-кеңесін алатын болады.