Қазақстанның 2016 жылғы Рио Олимпиадасындағы басты қарсыласы –Қытай. Бұл туралы Ауыр атлетикадан Қазақстан құрамасының бас бапкері Алексей Ни Қазақстан спортшыларының ХХХI жазғы Олимпиада ойындарына дайындығына арналған отырыс барысында мәлiмдедi. 
 
«Ауыр атлетика құрамасы Олимпиадаға дайындықты наурыз айының басында бастайды. Түрлі жарыстардың өтуіне байланысты жаттығулар Польша, Ресей мен Қытайда өтеді. Бұл елдің зілтеміршілері мықты. Дегенмен, Қазақстан мен Қытай ауыр атлетикадан әлемде көшбасшысы саналады. Рио-де-Жанейродағы басты қарсыласымыз – Қытай», - деді А.Ни.
 
Бапкердің айтуынша, 3-7 маусымда Талдықорған қаласында ауыр атлетикадан Қазақстан чемпионаты өтеді. Олимпиадаға баратын спортшылар сонда анықталады. Әйелдер арасынан 4 негізгі, 2 қосалқы зілтемірші, ерлер арасынан 6 негізгі, 2 қосалқы зілтемірші іріктеледі.
 
«Қазіргі таңда 16 ер және 10 әйел чемпионатқа жолдама алды. Олардың арасынан бұрынғы атағы мен жетiстiктерiне қарамай, тек дайындық деңгейіне қарай iрiктеп аламыз. Одан кейінгі екі айда біз команданы толығымен шыңдай түсеміз. Қазақстан чемпионатына дейін зілтеміршілер 90 пайыз дайын болса, Рио-де-Жанейро Олимпиадасында 100 пайыз дайын болады», - деді Алексей Ни.
 
BNews.kz