Бүгін Алматы облысының Талғар ауданында орналасқан Бүкіләлемдік бокс академиясында «Аруана» көпбейінді сауықтыру орталығының ашылу рәсімі өтті.
 
«Көрермендер, жанкүйерлер әдетте спортшылардың тек жарыстардағы көрсеткен өнерін тамашалайды. Ал мұның артында қандай ауыр еңбектің тұрғанын сезіне бермейді. Үлкен спорт - үлкен күш-жігерді талап етеді. Ал спортшылар белгілі бір салмақ дәрежесінде өнер көрсеткендерімен, бір-біріне мүлдем ұқсамайды. Әрқайсының психологиялық, физикалық қарым-қабілеті әрқалай. Сондықтан, спортшыларды жарыстарға даярлауда немесе жарыстан кейін тез қалпына келтіруде әрқайсына жеке-жеке тәсілдеме қажет. Бұл орталық осындай тәсілдемелерімен ерекше. Мұнда әрбір спортшыға дербес бағдарлама әзірленеді. Сондықтан, боксшылар және басқа да спортшылар осы орталықтың арқасында тез оңалатын болады және олардың спорттағы өмірі ұзара түседі», - деді С. Қонақбаев. 
 
Сонымен қатар, ол алдағы аптада Англияның Манчестр қаласында Халықаралық әуесқой бокс қауымдастығы комиссиясының кезекті отырысы өтетіндігін мәлімдеді.
 
«АИБА соңғы жылдары бокс саласына көп жаңалықтар енгізіп жатыр. Бұл тұрғыда біздің комиссия өте маңызды роль атқарады. Біз алдағы отырыстың күн тәртібінде қаралатын мәселелердің тізімін күні кеше ғана алдық. Бүгін-ертең осы мәселелерді талқылап, алдағы дүйсенбі күні Англияға ұшамыз. Енді, онда қаралатын негізгі мәселелердің бірі - жарыстарға қатысатын боксшылардың жасына өзгеріс енгізу. Яғни, жас боксшыларға 18 жастан бастап-ақ, үлкен халықаралық жарыстарға қатыса беруге рұқсат беру. Бүгінде спорт талабы барған сайын қаталданып барады. Бәсеке көп. Сондықтан, әрине бұл мәселелерді медициналық тұрғыдан және жас боксшылардың психолгиялық және функционалдық даярлығы тұрғысынан мұқият талқылайтын боламыз», - деді С. Қонақбаев.
 
ҚазАқпарат