Орта салмақтағы әлемнің экс-чемпионы канадалық  Давид Лемье  12 наурызда Монреалда  (Канада) рингке қайта оралады.

ҚазАқпараттың хабарлауынша, оның қарсыласы 28 жастағы мексикалық Джеймс Де Ла Роса болмақ. Бұл Лемье үшін өткен жылдың қазан айында Геннадий Головкиннен жеңілгеннен кейінгі алғашқы жекпе-жегі.

Биылғы жылы Лемье қазақстандық боксшыдан қарымта қайтаруға құлшынып отыр.

«Негізінен алып қарағанда, маған емес, менен гөрі Головкинге бұл жекпе-жек қажет болды»,-дейді Лемье. - Чемпион ретінде мен онымен жұдырықтасқым келді. Мен ең мықтылармен айқасқым келген. Енді экс-чемпион ретінде бәрібір Головкинмен жекпе-жекке шықсам деймін. Мен өз титулымды қайтару ниеттемін. 2016 жылы мен чемпион болуды жоспарлап отырмын».