Қазақстандық кәсіпқой боксшы Қанат Ислам чемпион болудың қиындықтары жөнінде айтып берді.

«Бала кезімде алғаш рет бокс жаттығуына барғаным есімде. Сонда бапкер бізден кім болғымыз келетінін сұрады. Біз бір ауыздан «Чемпион!» деп жауап бердік. Ол бізге сол кезде: «Чемпионды дайындауға болады, дегенмен маған жақсы адамдар керек» деген еді. Ол кезде бұл сөздің байыбына бармағанымыз рас. Кейін үлкен рингке шыға бастаған кезде бапкерімнің сол кезде не айтқысы келгенін түсіндім. Шынымен де, чемпионды дайындауға болады. Дегенмен «жұлдыз ауруына» шалдығып, өзіңе қоятын талаптарыңды азайтсаң, тағыңда ұзақ отырмайсың. Чемпион болу – дәреже ғана емес, рухани жүк», - деді боксшы «Литер» басылымына берген сұхбатында.

Айта кетейік, Қанат Ислам кәсіби рингте 20 жекпе-жек өткізіп, барлығында да жеңіске жетті. Оның келесі жекпе-жегі ақпанда өтеді. Қазақстандық боксшының қарсыласы кім болатыны әзірше белгісіз.