Қазақстандық бокшы Геннадий Головкин Қарағандыдағы орта мектептердің бірінің оқушыларына тосын сый жасады.

ҚазАқпараттың хабарлауынша, 3 ақпанда спортшы күтпеген жерден Әлихан Бөкейханов атындағы №76 мектепке барды. Спортшы мектепке бос қол  келмеді. Ол секция оқушыларына қолғап, тағы басқа да спортқа қажетті заттарды сыйға тартты. Жас спортшыларға бапкерлерін тыңдауды, табысқа жету жолында өздеріне сенуді тіледі.

Головкин өзінің мектепке баратыны жайлы баспасөзге хабарламағанын атап өткен жөн. Бұл туралы өз фейсбугінде Ботабек Тілегенов хабарлады.

«Маған Геннадий олардың мектептерінде екенін ұстаздардың бірі айтты. Менің келіп түсіруімді сұрады. Мен бірден сол мектепке тарттым. Ол жерде басқа БАҚ өкілдері болмады», - деп жазды Тілегенов.

№76 мектеп Головкин туып-өскен Қарағанды қаласының Майқұдық ауданында орналасқан. Ол өзі №6 мектепте оқыған.