Бүгін БАҚ өкілдері қазақстандық боксшы Геннадий Головкиннің кезекті қарсыласын жариялады. Алдағы күндері GGG америкалық Доминик Уэйдке қарсы жекпе-жек өткізеді. «PROСПОРТ» тілшісі оқырмандарды Головкиннің қарсыласымен толығырақ таныстырмақ.

Расы керек, Головкин мен Уэйд арасында жекпе-жек өтетіні әлі ресми хабарланған жоқ. Бірақ IBF рейтингісінде көш бастап келе жатқан Туреано Джонсон жарақат алғанын айтып, қазақстандық боксшымен кездесуден бас тартқан. Рейтингінің екінші сатысында ешкімнің жоқ екенін ескерсек, кезек үшінші орындағы Доминик Уэйдке келеді. Сондықтан, қазақстандық былғары қолғап шебері дәл осы боксшымен жұдырықтасуға жақын. Себебі Уэйл Геннадий иелік ететін IBF чемпиондық титулына ресми үміткерлердің бірі саналады. Дәл қазір екі тарап кездесу өткізу жайлы келіссөз жүргізіп жатыр.

Доминик Уэйд кәсіпқой боксшы ретінде рингтегі алғашқы кездесуін 2009 жылдың 14 наурызында өткізген. Ол кезде Доминик алғашқы қарсыласы Крис Дэвисті бірінші раундтың 28-ші секундында-ақ нокаутқа түсіріпті. Сол кездесуді қосқанда Уэйд 18 рет рингке көтеріліп, бәрінде де жеңімпаз атанған. Оның 12-сінде жекпе-жек мерзімінен бұрын аяқталды. Шыны керек, Доминик өз мансабында белгілі әрі қауқарлы боксшылармен кездеспеген. Тек соңғы жекпе-жегінде ғана белгілі қарсылас болды – әлемнің бұрынғы чемпионы, Сэм Солиман. 41 жастағы австралиялық боксшының өзі Доминик Уэйдке қарсы кездесуде 12 раундқа дейін шыдаған, бірақ үш төрешінің екеуі бұл кездесуде америкалық боксшы жеңіске жетті деп есептеді. Айта кетейік, жанкүйерлер мен кейбір мамандар бұл кездесу Солиманның басымырақ болғанын айтады.

Доминик кәсіпқой бокста 7 жыл болғанымен, бүгінге дейін бар болғаны 18 кездесу өткізгенін айттық. 25 жастағы боксшы жекпе-жектерді көп өткізе бермейді. Тек 2009 және 2010 жылдары ғана 9 рет рингке шығыпты. Ал 2011 мен 2015 жылдардың арасында 9 кездесу ғана өткізген.

Головкиннің де, Уэйдтің де бойлары бірдей – 179 см. Басқа да қара нәсілді боксшылар секілді Доминиктің қолы ұзынырақ. Тек осы ғана қазақстандық боксшыға қандай да бір қиындық тудыруы мүмкін. Әйтпесе, америкалықтың Геннадийден басым түсуі ғажайып қана сияқты. Қалай дегенде де, бұл жекпе-жектің фавориті айқын. Тек бір ғана сұрақ бар: Доминик Уэйд біздің боксшыға қарсы қанша раунд шыдай алады?

Ал әзірше, назарларыңызға америкалық боксшының бұрынғы жекпе-жектерін ұсынамыз.