Қысқы спорт түрлері қызық әрі әдемі болып келеді. Алайда осы спорт түрлері елімізде аса танымал емес. Арасында кенжелеп өсіп келе жатқан фристайл-акробатиканың өкілі, Сочи Олимпидасының қатысушысы, жастар арасындағы Әлем чемпионатының жеңімпазы Жанбота Алдабергенова «PROСПОРТ» тілшісіне сұхбат берді.

-  Кеше ғана Еуропа Кубогында жеңіске жетуіңізбен шын жүректен құттықтаймыз. Осы жарыс жайлы айта кетсеңіз, қалай өтті дегендей.

- Рақмет. Негізі жарыс оңай болған жоқ. Ауа-райы жылып, айтарлықтай суық болмады. Кішкене тұман түсіп, жарыс басталарда қар ери бастады. Ал бұның бәрі біздің көрсететін нәтижемізге тікелей әсер етеді. Қарсыластарым Ресейдің, Белорусьтің, Швейцарияның, Украина мен Германияның белді спортшылары болды. Бәсекелестіктің жоғары болғанына қарамастан жоғары нәтиже көрсете білдім.

- Сіздің жеке өміріңіз жайлы оқырмандар көп біле бермейді. Сол жөнінде айта кетсеңіз. Қай жерде туылдыңыз? Алғаш спорт табалдырығын қай жерде аттадыңыз?

- Шырайлы Шымкент қаласында 1995 жылы 23-ші қыркүйек күні дүниеге келдім. Ата-анам 6 бала сүйді. Әпкем мен ағам және сіңлім мен інілерім бар. 2001 жылы алғашында спорттық гимнастикаға қатыса бастадым. Тоғыз жыл өткеннен кейін «Спорт шеберін» алғаннан кейін гимнастикадан бір жола кеткен болатынмын.

- Не себепті бұл спорт түрін (фристайл) таңдадыңыз?

- 2011 жылы елімізде, Астана мен Алматы қалаларында, өткен Азиада ойындарында фристайл деген спортты көріп, қызыға бастадым. Содан бастап, осы ерекше спорт түрімен айналысып келемін.

 Минскте өткен фристайлдан  Еуропа Кубогында жеңімпаз атанды

- Бұдан бөлек қандай жетістіктеріңіз бар?

- 2012-ші жылы Белорусь елінің астанасы Минск қаласында өткен халықаралық жарыста үшінші орын алдым. Ал бір жыл өткеннен кейін Швейцарияда екі мәрте жеңіс тұғырынан көріндім. Сонымен қатар, 2014 жылы Сочи Олимпиадасында 6-шы, Италияда өткен Еуропа Кубогында алтын және қола медальдарды еншіледім.  Былтырғы маусымда сол елде өткен жарысты дәл осы нәтижені қайталадым және Жастар арасындағы Әлем чемпионатында 2-ші орыннан көріндім.

- Төрткүл дүниенің спортшылары бақ сынаған Сочи Олимпиадасына қатыстыңыз. Бұл сіздің мұндай дәрежедегі алғашқы жарысыңыз ба?

- Иә, бұл менің алғашқы Олимпиадам болды. Мұндай деңгейдегі бірінші жарысымда алтыншы орын жақсы нәтиже деп ойлаймын.

- Желтоқсан айында фристайлдан Финляндияда өткен халықаралық жарыста екі мәрте жүлделі орын алдыңыз? Осы жарыс жайлы айтып өтсеңіз.

- Иә, желтоқсансан айында Финляндияның Рука қаласында өткен додаға екі медаль жеңіп алдым. Алғашқы күні қола болса, екінші күні нәтижемді сәл жақсартып, күміс медальді олжаладым. Бұл жаңа маусымдағы алғаш рет бақ сынаған жарысымыз болды. Сол себепті әлемнің мықты дейтін спортшыларының бәрі қатысты.

- Келер жылы Алматы қаласында Қысқы Универсиада ойындары өтеді. М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан Мемлекеттік Университінің 2-ші курс студентісіз. Универсиадаға қатысу ойыңызда бар ма?

- Иә, негізі бұл Универсиадаға қатысу ойымда бар, бірақ бәрі әлі алда. Уақыт көрсетер деп ойлаймын.

 

Құрама мүшелерімен Чехия елінде

 

- 2017 жылғы Универсиадан кейін 2018 жылы Олимпиада келе жатыр. Оған әзірден бастап мақсаттар қойылды ма?

- Қазірден бастап 2017-2018 жылғы жарыстарға дайындықтар өтіп жатыр. 2018 жылғы Олимпиада ойындарына қатысу да жоспарда бар.

- Фристайлға аса көп елдер қызыға бермейді, сол себепті болар көп азаматтар бұл спорттың қыр-сырын толыққанды түсіне бермейді. Сіздерге нәтижені қалай бағалайды?

- Біздің спорттың ережесі мынандай: спортшы өзінің секірісін әдемі, биік, ұшқан кезді жақсы орындап және қатесіз жерге қону керек.

- Негізінен бұл спортқа батыл адамдар келеді. Өйткені трамплиннен секіру екінің бірінің қолынан келе бермейді. Сізде сондай қорқыныштар болады ма?

- Иә, біздің спорт қауіпті, сондықтан болар бәрінің қолынан келе бермейді. Көп ата-аналар баласын уайымдап, бұл спортқа бере бермейді. Әр елде тау баурайы, трамплин әр түрлі болып келеді. Оған үйрену үшін де уақыт керек, сол үшін, 4 жылдан астам уақыт қатысып жүрсем де, әр секірістің алдында қорқыныш сезімі пайда болады.

- Елімізде фристайлға қаншалықты көңіл бөледі?

- Осы фристайл-акробатика Қазақстанда аса танымал спорт түрлеріне жатпайды. Көп адамдар естімеген, тіпті білмейді десек те болады. Фристайл спортымен шұғылданамын десем, көбі «Ол қандай спорт? Би ма?» деп сұрап жатады.

 

Сұхбаттасқан: Айбар РЫСДӘУЛЕТ