Тамыз айында бразилиялық Рио-де-Жанейрода өтетін Олимпиаданың бюджеті  9,75 млрд долларды құрайды.

ҚазАқпараттың мәлімдеуінше, 2015 жылдың тамыз айында құрылған бұған дейінгі шығындар сметасымен салыстырғанда, ойындардың бюджеті 400 млн. реалға (шамамен 100 млн. доллар) өскен. Бұл ретте жарыстарды өткізу өтінімін беру кезінде бразилиялық билік көздері ойындардың бағасы 28,2 млрд. реалды (7,2 млрд. доллар) құрайтынына сендірген.

Салыстыратын болсақ, 2012 жылы Лондонда өткен Олимпиадаға ұйымдастырушылар 16,3 млрд. доллар жұмсаған, ал Бразилияда 2014 жылы өткен футболдан әлем чемпионатына 6,8 млрд. доллар жұмсалды. Рио-де-Жанейродағы Олимпиаданың бюджеті үш құрамдастан құралған. Спорттық нысандардың құрылысына 7,07 млрд. реал (1,77 млрд. доллар) салынды. Олимпиадалық мұра - қалада жарыстың алдында салынған инфрақұрылым нысандарының құны 24,6 млрд. реалды (6,15 млрд. доллар) құрайды. Ал олардан бөлек ойындардың ашылу және жабылу рәсімдерін өткізетін «Рио-2016» Ұйымдастыру комитетінің бюджеті 7,4 млрд. реалға (1,85 млрд. доллар) тең.

XXXI жазғы Олимпиада 2016 жылдың 5-21 тамыз күндері аралығында өтеді. Бұл Оңтүстік Америкада өткізілетін бірінші Олимпиада ойындары болмақ.