«Атырау» ФК 25 жастағы француздық қорғаушы Абдель Ламанжмен келісімшартқа отырды. Клубқа жаңадан қосылған алғашқы ойыншы бұған дейін ярославтық «Шинник» командасында өнер көрсеткен.

Стасбург қаласындағы футбол мектебінде шеберлігін шыңдаған Абдель Ламанж алғаш рет «Гренобль» кәсіби клубына қабылданады. Туған жерінде екі жарым маусым ойнап, кейін Ресейге жол тартты. Жаңа елде бағын сынап көргісі келген футболшы «Шинникпен» келісімшарт бекітеді. Абдель ярославтық клубтың құрамында 2011-2013 жылдар аралығында ойнаған. Артынша «Роторға» ауысқанымен, көп ұзамай «Шинник» клубына қайта оралды.

«Жас болғанына қарамастан, Абдель ресейлік футбол лигасының көзге түсер ойыншыларының бірі. Біраз уақыт Ресейде тұрған ол посткеңестік менталитетке еті үйренген, орыс тілін тәуір біледі. Ресейдің бірінші дивизионында Ламанж барлығы 130 матчқа қатысып, бір голдың авторы атанды», - деп мәлімдеді клубтан.

 
 
 
Ламанж «Атыраумен» бір жылға келісімшартқа отырды.
 
Туған күні: 1990 жылдың 27 шілдесі
 
Туған жері: Авиньон қаласы, Франция
 
Азаматтығы: Франция
 
Бойы - 182 см, салмағы - 76 кг
 
Амплуа: орталық қорғаушы
 
 
BNews.kz сайтынан