«Астана арландарының» жігіттері WSB жобасы бойынша өтетін алтыншы маусымдағы тартысты бәсекелерге дайын. Бұл жөнінде Лондон Олимпиадасының чемпионы, «Astana Arlans» кәсіпқой бокс клубының Бас директоры Серік Сәпиев мәлім етті.

Бүкіләлемдік бокс сериясының (WSB) екі дүркін жеңімпазы «Астана арландары» командасы VI  маусымға жаңартылған құрамда қатысқалы отыр. Бұл жолы ұжымдағы бапкерлер мен боксшылардың да өзгергенін байқауға болады.

Өткен жылы команданың жеңімпаз атануына елеулі үлес қосқан Данияр Елеусінов, Жәнібек Әлімханұлы, Василий Левит, Иван Дычко сынды боксшылар «Астана арландарының» жаңа құрамына енген жоқ. Өйткені Олимпиада лицензиясына ие болған Данияр мен Василий ХХХІ жазғы Олимпиада ойындарына тыңғылықты дайындалатын болады. Ал Жәнібек пен Иван жаһандық додаға қатысуға жолдама берілетін халықаралық турнирлерде бақ сынамақ.

 
2016 жылы WSB жобасында Қазақ елінің намысын қорғап, шаршы алаңға кімдердің шығатыны «Astana Arlans» кәсіпқой бокс клубының ресми сайтында жарияланды. Атап айтқанда, «Астана арландарының» жаңа құрамы мынадай:
 
49 кило салмақта - Теміртас Жүсіпов, Мардан Берікбаев және Жомарт Ержан;
 
52 кило салмақта - Олжас Сәттібаев,  Азат Махметов және Мирас Жақыпов;
 
56 кило салмақта - Мейірболат Тойытов, Нұрсұлтан Көшеғұлов және Нұрбол Қалжанов;
 
60 кило салмақта - Зәкір Сафиуллин, Ержан Мұсафиров және Бекдәулет Ибрагимов;
 
64 кило салмақта - Самат Бәшенов, Асхат Уәлиханов және Сабыржан Бекбергенов;
 
69 кило салмақта - Аслан Шымбергенов,  Қанағат Маралов және Бекзат Халметов;
 
75 кило салмақта - Мейірім Нұрсұлтанов, Рүстем Сыбаев және Ерік Әлжанов;
 
81 кило салмақта - Нұрдәулет Жарманов, Әли Ахмедов және Арман Рысбек;
 
91 килоға дейінгі салмақта - Мұхамеджан Еркін және Рахман Әлжанов;
 
91 килодан жоғары салмақта - Қамшыбек Қоңқабаев, Нұржан Бекзатов және Нұрсұлтан Аманжолов.
 

Аталған былғары қолғап шеберлері де шаршы алаңда мықты өнер көрсетіп жүрген саңлақтар. Сондықтан да осы боксшыларға үлкен сенім артылып отыр.

Бапкерлердің өзгерісіне орай Серік Сәпиев бұған дейін команданы жаттықтырып келген Марат Жақиевтің өз тәлімгерлерін Олимпиадаға дайындайтынына байланысты аға бапкерліктен босағанын атап өтті.

«Astana Arlans» кәсіпқой бокс клубының Бас директоры Серік Сәпиев: «Ұлттық құраманың Рио-де-Жанейро Олимпиадасында сәтті өнер көрсетуі - біздің басты мақсатымыз. Сонымен қатар «Астана арландарының» WSB жобасы бойынша жеңімпаз атауы үшін бар күшімізді саламыз»,- деп мәлімдеп отыр.

 2016 жылы жанкүйерлер асыға күтетін өте қызықты да маңызды бокс жарыстары болмақ.

Айта кету керек, 23 қаңтар күні «Астана арландары» алғашқы кездесуін Әзербайжанның «Баку Файрс» командасына қарсы өткізеді. Алғашқы тартысты бәсеке Қарағанды қаласында өтеді.

 
ҚазАқпарат