Футзалдан 2016 жылғы әлем чемпионатының іріктеу турнирінде Қазақстан құрамасы өз тобының жеңімпазы атанды.

«ОН-ТВ» (бұрынғы «Таң») телеарнасынан тікелей эфирде көрсеткеніндей, соңғы ойында қазақстандықтар Франция құрамасын 4:2 есебімен ұтты. Бұл кездесуде Дәурен Нұрғожин қос доптың авторы атанса, Серік Жаманқұлов пен Дуглас бір-бірден гол соқты.

Сөйтіп үш ойыннан жеті ұпай жинаған Какаудың шәкірттері өз тобында жеңімпаз атанып, 2016 жылғы әлем біріншілігі іріктеу турнирінің плей-офф бәсекесіне жолдама алды. Бұған дейін Қазақстан құрамасы алаң иелері Чехия футболшыларын 3:1 есебімен тізе бүктіріп, словениялықтармен тең ойнаған (2:2) болатын.

Еске сала кетейік, 2016 жылғы наурыз-сәуірде өтетін плей-офф бәсекелерінен кейін Еуропадан Колумбияда 14 қыркүйек - 2 қазан аралығында өтетін әлем біріншілігіне баратын жеті құрама белгілі болмақ. Плей-офф бәсекелерінің жеребесі 12 ақпанда тартылады. 

Бұдан бөлек, футзалдан Қазақстан құрамасы Белградта (Сербия) 2-13 ақпанда өтетін Еуропа чемпионатына қатысады. Мұнда қазақстандықтар С тобында Ресей және Хорватия командаларымен сынға түседі.

 

ҚазАқпарат