Қазақстандық жүзгіш Зүлфия Ғабидуллина Париждегі Паралимпиада ойындарының финалында сынға түсіп, жүлдеге қол жеткізе алмады, деп хабарлайды Prosports.kz тілшісі Nur.kz сайтына сілтеме жасап.

Зүлфия Ғабидуллина S4 санатында 50 метрге еркін әдіспен жүзуден бақ сынады. Ол белгіленген қашықтықты 43,75 секундта жүзіп өтіп, мәреге жетінші болып жетті. Осылайша, жүлде иелене алмады.

Айта кетейік, Зүлфия Ғабидуллина іріктеу кезеңінде 42,85 секунд нәтижесімен мәреге жетінші келіп, финалға өткен үздік сегіздіктің қатарына енген болатын.

58 жастағы Зүлфия – Париж ойындарына қатысып жатқан Қазақстан құрамасындағы ең егде спортшы. Ол Рио-2016 додасында алтын медаль жеңіп алып, Қазақстан тарихындағы тұңғыш Паралимпиада чемпионы атанған еді.

Қазір Қазақстан құрамасының еншісінде Париж Паралимпиадасының 2 алтын, 3 күміс, 2 қола жүлдесі бар. Байрақты бәсеке 8 қыркүйекке дейін жалғасады.