Теннистен АҚШ чемпионатында қазақстандық ойыншылардың қанша табыс тапқаны белгілі болды, деп хабарлайды Prosports.kz тілшісі ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.

Аталмыш «Үлкен дулыға» жарысында қазақстандық теннисшілер бәрін қосқанда, 1 млн 4,250 мың АҚШ доллары немесе 484,3 млн теңге сыйақы алады.

Қазақстандықтардың ішінде 109,7 млн теңгеге (жекелей сыннан 215 мың доллар, жұптан — 12,5 мың доллар) қол жеткізген Юлия Путинцева алда тұр.

Ол жекелей сында үшінші айналымға дейін жетіп, италиялық Ясмин Паолиниге есе жіберді — 3:6, 4:6. Жұптық сында канадалық Лейла Фернандеспен бірге алғашқы айналымда доданың 1-ракеткалары, канадалық Габриэла Дабровски — жаңазеландиялық Эрин Рутлифқа жол берді — 4:6, 2:6.

Александр Шевченко 73,7 млн теңгемен (жекелей сында 140 мың, жұптан — 12,5 мың доллар) ерекшеленді. Ол жекелей сында бастапқыда германиялық Доминик Кепферден (6:3, 7:5, 5:7, 6:2) басым түскенімен, екінші айналымда америкалық Фрэнсис Тиафодан ұтылды.

Ф.Тиафо осы жарыста жартылай финалға шығып отыр. А.Шевченко жұптық сында аустриялық Тристан-Самуэл Вайссборнмен бірге алғашқы айналымнан аса алмады.

Іріктеу сайыстарынан сәтті өтіп, алғашқы айналымда әлемнің 7-ракеткасы, Польша өкілі Хуберт Хуркачтан меселі қайтқан Тимофей Скатов 73,3 млн теңгені (152 мың доллар) олжалайды.

Бастапқыда аустралиялық Дестани Айавадан 6:1, 7:6 (7:1) есебімен басым түсіп, сосын жарақатына байланысты турнирге қатысудан бас тартқан Елена Рыбакинаның еншісіне 67,5 млн теңге (140 мың доллар) тиеді.

Бірінші кездесуінде-ақ күтпеген жерден қытайлық Цзюнчэн Шаннан (4:6, 6:3, 7:5, 3:6, 4:6) өте алмаған Александр Бублик небәрі 48,2 млн теңгеге (100 мың доллар) қол жеткізді.

Жұптық сында және миксте ширек финалға дейін жеткен Анна Данилина 33,2 млн теңгені (жұптық сыннан — 55 мың, микстен — 13,750 мың доллар) қанағат тұтты.

Жұптық сында алғашқы айналымда сүрінген Александр Недовесовтің тапқаны — 6 млн теңге (12,5 мың доллар).

Іріктеу сайысында екінші айналымға дейін жеткен Бейбіт Жұқаев пен Денис Евсеевке 18,3 млн теңге (38 мың доллар) бұйырды. Іріктеуде алғашқы бәсекесінде ұтылған Михаил Кукушкин, Дмитрий Попко және Зарина Дияс 12 млн теңгеден (25 мың доллар) алады.

Қазақстандық жасөспірімдер Әмір Омарханов, Даниал Рахматуллаев, Соня Жиенбаева және Асылжан Арыстанбекова «Үлкен дулыға» турнирінде өнер көрсеткенімен, оларға қаржылай сыйақы берілмейді. Тек ITF Juniors рейтингісінде ұпайлар қосылады.

Соня Жиенбаева үшінші айналымға дейін жеткенімен, америкалық Ива Якшичтен 1:6, 2:6 есебімен ойсырай ұтылып, ширек финалға шыға алмады.

Сол секілді Әмір Омарханов ресейлік Тимофей Дерепаскомен бірге жұптық сында екінші айналымда біршама тартысты өткен матчта чехиялық Денис Петак — швейцариялық Флинн Томастан айласын асыра алмады — 7:5, 5:7, 10:12. Сөйтіп ол да ширек финалдан тыс қалды.

Қазақстандық теннисшілер үшін АҚШ чемпионаты осылай аяқталды.