Қазақстандық теннисші Елена Рыбакинаның өмірінде күрделі өзгерістер болып жатқан тәрізді, деп хабарлайды Prosports.kz

Еліміздің бірінші ракеткасы алдымен Олимпиада ойындарына қатысудан бас тартып, бапкерін ауыстырды, сонан соң АҚШ-та өткен жарыстарға қатыса алған жоқ.

Инсайдерлер жанкүйерлерді тағы бір таңғаларлық жаңалық күтіп тұрғанын мәлімдеді. Отандық теннисші соңғы рет Штутгартта сәтті өнер көрсетіп, неміс көлігін ұтып алған еді. Германиядағы аламаннан соң Рыбакина денсаулығына қатысты жиі шағым айтып, тіпті жарыстарға қатысудан бас тартып жүр.

Tennis Connected өзінің X-тегі парақшасында 25 жастағы спортшы тағы бір көңіл құлазытатын жаңалығын жеткізетінін мәлімдеді. Дереккөз бұдан басқа ақпарат беруден бас тартып, жағдайдың күрделі екенін айтқан.

Жанкүйерлердің кейбірі Рыбакина допинг-тестілеуден өте алмады деген болжам жасаса, енді бірі бұл денсаулығына қатысты деп топшылады. Дегенмен инсайдер мұның бәрін жоққа шығарып, жуық арада Рыбакина бәрін өзі жариялайды дегенді алға тартты.

Спорт жаңалықтарын Telegram-нан оқы. Prosports.kz арнасына жазыл!