Бүгін, 2 қыркүйекте Парижде өтіп жатқан 2024 жылғы Паралимпиада ойындарында қазақстандық спортшылар бір сайыс түрінен жарыс жолына шығады.

Сағат 15:00-де отырып ойнау волейболынан Қазақстан құрамасы Египетпен шеберлік байқасады.

Қазақстандық құрама бұдан бұрын Францияны 3:0 есебімен жеңсе, одан кейін Босния және Герцоговинаға 2:3 есебімен жол берді.

Ал Египет құрамасы Босния және Герцоговинаға 1:3 есебімен жеңілсе, Францияны 3:0 есебімен тізе бүктірді.

Қазір аталған топта Босния және Герцоговина көш бастап, алғашқы жолдамаға ие болды. Екінші жолдама тағдыры Қазақстан мен Египет кездесуінде шешіледі.

Қазақстан құрамасының спортшылары Париж Паралимпиадасына спорттың 9 түрінен 33 лицензия жеңіп алды.

Дүбірлі дода 28 тамыз бен 8 қыркүйек аралығында өтеді.

Еске салсақ, Қазақстан пара спортшылары бұған дейін Паралимпиада ойындарында 2 алтын, 4 күміс, 1 қола медальды олжалаған болатын.