Қазақстандық таеквондошы Камила Досмалова Париж Паралимпиадасында қола жүлде үшін жекпе-жек өткізді, деп хабарлайды Prosports.kz тілшісі Nur.kz сайтына сілтеме жасап.

Пара таеквондоның K44 санаты бойынша 57 кг cалмақ дәрежесінде бақ сынаған Камила Досмалова бразилиялық Сильвана Фернандеспен кездесті. Бұл бәсекеде қазақстандық таеквондошы 28:3 есебімен жеңіліп, жүлде иелене алмады.

Айта кетейік, Досмалова Париж Паралимпиадасындағы алғашқы кездесуінде сербиялық спортшы Мария Мичевқа есе жіберген еді (0:5). Кейін қазақстандық таеквондошы жұбаныш жекпе-жегінде фиджилік Мар Иреннен 12:6 есебімен басым түсіп, қола жүлдеге таласуға мүмкіндік алған болатын.

32 жастағы Досмалова – Ханчжоуда (Қытай) өткен Пара Азия ойындарының күміс медаль иегері, Азия, әлем және Еуропа чемпионатының жеңімпазы, гран-при сайыстарының бірнеше дүркін жүлдегері. Ол осымен екінші рет Паралимпиадаға қатысты. Камила 2021 жылы Токиода жүлде иелене алмаған еді.

Париж Паралимпиадасы 8 қыркүйекке дейін жалғасады. Байрақты бәсекеге қазақстандық 44 спортшы аттанған болатын. Қазақстан құрамасы спорттың 9 түрінен 33 лицензия жеңіп алып, ел Паралимпиадасы тарихындағы рекордтық нәтижеге қол жеткізген еді.