Әлемнің 3-ракеткасы, Испания жұлдызы, 21 жастағы Карлос Алькарас АҚШ ашық чемпионатында күтпеген жерден жарыс жолынан шығып қалды, деп хабарлайды Prosports.kz тілшісі ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.

Испаниялық теннисші екінші айналымда дүниежүзілік рейтингіде 74-орында тұрған нидерландылық Ботик ван де Зандсхулпқа есе жіберді — 1:6, 5:7, 4:6.

К.Алькарастың жеңілісінен кейін АҚШ чемпионатында ерлер арасында жекелей сында Испаниядан бірде-бір ойыншы қалмады. Бұған дейін екінші айналымда Роберто Карбальес-Баэна (ATP рейтингісінде 55-орын), Роберто Баутиста-Агут (№ 67) және Педро Мартинес-Портеро (№ 43) қарсыластарына жол берді. Тағы төрт теннисші, атап айтқанда, Хауме Мунар (№ 84), Альберт Рамос-Виньолас (№ 122), Пабло Карреньо-Буста (№ 213) және Алехандро Давидович-Фокина (№ 59) бірінші кездесуінде-ақ жеңілген.

Осылайша, испаниялық ойыншылар ХХІ ғасырда АҚШ ашық чемпионатында антирекорд орнатты. Бұдан бұрын 1999 жылы US Open жарысында испаниялықтар үшінші айналымға өте алмаған еді. Сол нәтиже 25 жылдан кейін қайталанып отыр.

Биыл қазақстандық ерлер де сәтсіз өнер көрсетті. Александр Бублик алғашқы, Александр Шевченко екінші айналымнан аса алмады.

Қазіргі кезде жекелей сында Қазақстаннан әйелдер арасында Юлия Путинцева ғана қалды.

Спорт жаңалықтарын Telegram-нан оқы. Prosports.kz арнасына жазыл!