Астанада Париж Олимпиадасының қорытындысына арналған алқа отырысы өтті, деп хабарлайды Prosports.kz

Қорытынды жиында Туризм және спорт министрі Ермек Маржықпаев бокс құрамасының нәтижесін сынға алды.

«Бокстан Қазақстан ерлер құрамасы 7 салмақтың барлығында жолдама иеленді. Олар 1 алтын, 1 күміс және 1 қола медальға қол жеткізуге уәде берген еді. Алайда жалғыз күміс жүлде иеленді. Екінші олимпиадада боксшылар бірде-бір алтын медаль ала алмады.

Қазақстандық бокс мектебі өзінің көшбасшы позициясының арқасында әлемдік спорт аренасында әрқашан танымал болған. Біздің боксшылар 1996 жылдан бері өнер көрсетіп келеді. Барлығы 61 спортшы қатысып, 22 медаль жеңіп алды. Оның ішінде 7 алтын, 7 күміс және 8 қола жүлде бар. Бокстан ұлттық құрама Парижде жақсы нәтиже көрсете алған жоқ», - деді министр Ермек Маржықпаев.

Париждегі Олимпиада ойындарында қазақ боксшылары арасында тек Нұрбек Оралбай (80 кило) ғана финалға дейін жетіп, күміс жүлдегер атанды.

Спорт жаңалықтарын Telegram-нан оқы. Prosports.kz арнасына жазыл!