Қазақстан өз тарихында үшінші рет үстел теннисінен беделді WTT Contender Almaty халықаралық турнирін өткізеді, хабарлайды Prosports.kz тілшісі Olympic.kz сайтына сілтеме жасап.

Біздің еліміз үшін дәстүрге айналған спорттық шара 3-8 қыркүйек аралығында Алматы қаласында өтеді.

Биыл WTT Contender Almaty турниріне әлемнің 22 елінен 120 спортшы қатысады.

Жанкүйерлер аралас жұптық разрядтағы әлем чемпионатының қола жүлдегері, жастар арасындағы әлем біріншілігінің алтын медаль иегері Линь Шидун (Қытай), командалық есептегі Олимпиада Ойындарының күміс жүлдегері Мива Харимото (Жапония), жұптық сындағы Еуропа чемпионы Андрей Гачина (Хорватия), Еуропа чемпионатының жеңімпазы Элизабет Самара (Румыния) және тағы да басқа әлемдік үстел теннисі жұлдыздарының қызықты ойындарын көруге мүмкіндік алады.

Қазақстан құрамасы атынан 11 ер және 11 әйел өнер көрсетеді. Олардың қатарында Рио-2016, Токио-2020, Париж-2024 Олимпиада ойындарының қатысушысы Кирилл Герасименко, 2020 жылғы Олимпиаданың қатысушысы Анастасия Лаврова, аралас сында жастар арасындағы әлем чемпионатының жеңімпазы Алан Құрманғалиев, халықаралық турнирлердің жүлдегерлері Сарвиноз Миркадирова, Зауреш Ақашева бар.

Алдағы турнирдің жүлде қоры 80 000 АҚШ долларын құрайды.

Фото: Владислав Семенов