Атақты швециялық жаттықтырушысы Свен-Йоран Эрикссон 76 жасында өмірден озды, деп хабарлайды Prosports.kz тілшісі Nur.kz сайтына сілтеме жасап.

Эрикссон биыл қаңтарда ұйқы безінің қатерлі ісігіне шалдыққан болатын. Бапкердің қайтыс болғаны туралы хабарды оның отбасы растады.

"Ұзақ уақытқа созылған аурудан кейін Свен-Йоран үйінде, жақындарының ортасында таңертең қайтыс болды. Оны қызы Лина, ұлы Юхан әйелі Аманамен және немересі Скаймен, әкесі Свен, қызы Янисет ұлы Алсидеспен, ағасы Ларс-Эрик әйелі Юмнонмен бірге аза тұтып отыр. Отбасы өздерінің қайғысын жеке бөлісуді қалағандықтан, оларды мазаламауды сұрайды", - делінген Sky News басылымында жарияланған материалда.

Свен-Йоран Эрикссон 2001-2006 жылдар аралығында футболдан Англия құрамасының бас бапкері болып еңбек еткен. Сондай-ақ Эрикссон өзінің бапкерлік мансабында футболдан Мексика, Кот-д'Ивуар және Филиппин ұлттық құрамаларын да жаттықтырған.

Эрикссон "Рома", "Бенфика", "Фиорентина" сияқты еуропалық клубтарында бапкерлік қызмет атқарған. Англияда Эрикссон ұлттық құрамамен қатар "Манчестер Сити" мен "Лестер Сити" командаларын да баптаған және "Ноттс Каунти" клубының спорттық директоры қызметін атқарған.

Спорт жаңалықтарын Telegram-нан оқы. Prosports.kz арнасына жазыл!