Атышулы Алексей Ни спорттан өмір бақи шеттетілуі мүмкін, деп хабарлайды Prosports.kz

63 жастағы маман спорт саласында қызмет атқаруға уақытша шеттетілді.

2017 жылы Халықаралық Олимпиада комитеті құрған Халықаралық тестілеу агенттігі Алексей Ниді өмір бойы дисквалификациялау туралы ресми хабарлама жіберген болатын. Осы атышулы іс бойынша ITA сот ісі аяқталуға жақын. Бұл туралы Sportarena мәлімдеді.

Алексей Нидің қандай ауыр жаза арқалайтыны айтпасада түсінікті. Отандық ауыр атлетикада орын алған атышулы допинг дауларының бәрі ұлттық құраманы Ни басқарған уақытта орын алды. 2008 жылдан бері Қазақстан үздік зілтеміршілерінің талдауларының нәтижесінде қатарынан үш Олимпиадада алты алтыннан айырылды (Бейжің – 1, Лондон – 4, Рио-де-Жанейро – 1). Илья Ильин, Светлана Подобедова, Зульфия Чиншанло, Майя Манеза және Нижат Рахимовты екі рет тексеру кезінде, яғни әрбір Олимпиада ойындары аяқталғаннан кейін бірнеше жыл өткен соң талдау нәтижелері бойынша допинг анықталған.

Егер Ни шын мәнінде дисквалификацияланса, онда ол отандық спорт тарихындағы өмір бойына спорттан шеттетілген төртінші адам болады. Бұған дейін жеңіл атлет Ольга Терешкова-Цикунова, сол Алексей Геннадьевичтің бұрынғы шәкірті Фаина Сиванбаева, сондай-ақ теннисші Тимур Хабибулин «қара тізімде». Қыздар сынамаларында бірнеше рет допинг табылғаны үшін жазаланса, ал Өзбекстан тумасы келісілген матчтар өткізгені үшін спорттан шеттетілді. Кейін спортшы бәрін көпшілік алдында мойындады.

Спорт жаңалықтарын Telegram-нан оқы. Prosports.kz арнасына жазыл!