2024 жылдың 17 тамызы күні Алматы қаласында Алматы облыстық футбол қауымдастығының ұйымдастыруымен «Пионер» және «Эрик-Сон» әуесқой футбол клубтары арасында матч өтті, деп хабарлайды Prosports.kz тілшісі ҚФФ баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Екінші таймның соңына қарай «Пионер» футбол клубының ойыншысы Әлібек Кабулов ойын ережесін өрескел бұзып, айып соққысы белгіленді.

Алайда «Пионер» футбол клубының ойыншысы Әлихан Тілеков төрешінің шешімімен келіспей, қорлайтын сөздер айтып қоқан-лоқы көрсете бастады. Соның салдарынан ойыншыға қызыл қағаз көрсетілді.

Қызыл қағаз алған ойыншы Әлихан Тілеков төрешіге қоқан-лоқы көрсетуге әрекет етіп, алайда ойынның ресми тұлғасы трибуна жаққа қарай қашып құтылады және ойынның аяқталғаны жөнінде ысқырық шалады.

Әрі қарай ФК «Пионер» ойыншылары №23 Тілеуберді Тәліп, №21 Тілеков Әлихан және команда демеушісі Абдиев Айдос төрешінің соңынан трибунаға көтеріліп, жанында тұрған жанкүйерлерге қарамастан соққының астына алды.

Куәгерлердің және төрешінің айтуы бойынша жедел-жәрдем келгенше «Пионер» ФК ойыншылары мен басқа да тұлғалардың тарапынан тағы да төрешіге қысым көрсетіле бастады. Әрі қарай төреші ауруханаға келген полиция қызметкеріне өзінің құлап қалғанын айтып, ешкімге айып тақпайтыны туралы видеоүндеу жасауға мәжбүр болады.

Дәрігерлер төрешінің басы сүйегі мен қабырғасынан жарақат алғанын, сонымен қатар миы шайқалғанын анықтады. Мұның барлығы медициналық құжатта көрсетілген.

Қазіргі уақытта аталған дерек бойынша тиісті тергеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Алайда төрешінің айтуынша, белгісіз тұлғалардың тарапынан қысым көрсетіліп, түсініктемеден бас тартуды талап ету жалғасып жатыр.

Қазақстан футбол федерациясы ел спортының беделіне нұқсан келтіретін мұндай әрекеттерге түбегейлі қарсы. елімізде қабылданған бұқаралы спортты дамыту бағдарламасына сызат түсіретін мәлімдейді. Біз төреші мен оның отбасына қолдау көрсетеміз. ҚР Бас прокуратурасы мен Ішкі істер министрлігін осы жағдайды ерекше бақылауға алуға және жауапты тұлғаларды анықтап, оларды жауапқа тартуға шақырамыз. Мұндай заңға сәйкес емес әрекеттер ешқашан елеусіз қалмауы тиіс.

Төрешілерге жасалатын қысымның алдын-алу үшін УЕФА деңгейінде ережелер күшейтілді. Жекелей алсақ, енді ойын барысында төрешіге тек команданың капитандары ғана жақындай алады. Келесі маусымнан бастап осы ереже Қазақстан футбол федерациясы ұйымдастыратын жарыстардың барлығында қолданылады.

Қазақстан футбол федерациясы барша қазақстандықтарды мұндай әрекетке жол бермеуге шақырады. Спорт – жәй ғана ойын емес, біздің мәдениетіміз бен абыройымыздың көрсеткіші. Біз спорт ареналарында тәртіпке бағынып, мұндай агрессияға бірге қарсы тұруымыз қажет. Әрбір ойыншы, әрбір төреші және әрбір жанкүйер спорттық іс-шарада өзін қауіпсіз сезінуі тиіс.